Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамыту үшін барлық ресурстар бар – Тоқаев оларды тиімді пайдалануға шақырды
Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы қызметкерлерін олардың еңбегі үшін алғыс білдірді.
"Ең алдымен, барша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын деймін. Бұл шын мәнінде, нағыз еңбек адамдарының мейрамы екені сөзсіз. Диқандар, мал шаруашылығы мамандары, шаруалар – бәрі де еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосуда. Қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Ауыл шаруашылығы – экономикамыздың стратегиялық мәні айрықша саласы. Бүгін, міне, ауыл шаруашылығына арналған екінші форумды өткізіп жатырмыз. Алқалы жиынға ауыл-аймақтардан көптеген білікті мамандар арнайы келіп, қатысып отыр. Сондықтан бүгінгі форумды жалпыұлттық ауқымдағы басқосу деуге болады. Жаңа сөз сөйлеген азаматтар салмақты ойларын айтты, ұсыныстарды мұқият қарап, міндетті түрде ескеру қажет". Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысының пікірінше, ауыл шаруашылығы әрдайым мемлекет назарында.
Халқымыз "Егін ексе – ел тоқ" деп бекер айтпаған. Былтыр біз мол астық алып, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 миллион тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты. Соның ішінде Ақмола облысы ең жоғары көрсеткішке (7,5 миллион тонна) ие болды. Қыркүйек айында егін орағының барысын көру үшін облысқа арнайы барғанымды білесіздер". Мемлекет басшысы
Президенттің сөзінше, соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті.
"Қазір халқымыздың 37 пайызы, яғни 7,5 миллион адам ауылда тұрады. Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне жалпы ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн. Осы бағытта біз соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Еліміздің негізгі көрсеткіштері тұрақты. Биылғы он айда экономикамыз 6,4 пайызға өсті. Президент
Мемлекет басшысының пікірінше, ауыл шаруашылығы соңғы жылдары да қарқынды дамуда. Жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция 20 пайыздан астам өсіп, 790 миллиард теңгеге жетті.
Ал еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 пайызға артты. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-ші орында тұр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл мәз болып, қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. Себебі ашығын айтуымыз керек, біз ауыл шаруашылығының орасан зор әлеуетін әлі де толық қолданбай отырмыз. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-шы орын алады. Ал егіс алқабы бойынша 8-ші орында тұр. Демек қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев
Соңғы он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті, яғни 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін көбейді.
2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыруымыз керек. Бұл – біздің қолымыздан келетін шаруа. Ұлттық даму жоспарымыз бар, мақсат-міндеттеріміз де – айқын. Бізге керегі – сапалы жұмыс пен нақты нәтиже. Сол себепті алдымен ауыл шаруашылығын дамыту үшін ерекше назар аударатын өзекті мәселелерге тоқталып өткім келеді". Қасым-Жомарт Тоқаев
Мал шаруашылығының әлеуетін барынша пайдалану қажет,- деді президент.
"Біз бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргіздік, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді. Қазір нақты қаржыландыру тетіктері бар: жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, мал бордақылайтын орын салуға және асыл тұқымды мал алуға мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Былтырдың өзінде осы мақсатқа 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Сондай-ақ шаруашылығын кеңейтем деген кәсіп иелеріне жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік бар. Мемлекет басшысы
Жолдауда мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Мақсат – мал басын еселеу,- деді президент.
"Сол арқылы Қазақстанның халықаралық нарыққа ет жеткізуші ірі ел ретіндегі мәртебесін бекіте аламыз. Бұл мұратқа жету үшін мал шаруашылығын дамытуға оңтайлы жағдай жасау қажет. Ет бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі өндірістік циклін енгізу жұмыстарын жалғастырған жөн. Жайылымдық жерлерді тиімді әрі ауыстырып пайдалану тәсіліне баса мән берген дұрыс. Қасым-Жомарт Тоқаев
Ветеринария саласындағы жағдай мәз емес екенін мойындау қажет. Ең алдымен, бұл саланы материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Мал дәрігерлерінің еңбек жағдайын жақсарту қажет, ветеринар мамандарды ынталандыру шараларын қарастырған жөн. Ветеринария саласының инфрақұрылымын күшейтуге қатысты жұмысты тиімді түрде жалғастыру керек, -деп айтты президент.