"Өмір сыйла – Донор бол": Атырауда полицейлер жол апатынан зардап шеккендерге арнап қан тапсырды
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Іс-шара аясында патрульдік полиция қызметкерлері Атырау облыстық қан орталығында донорлық акцияға қатысты. Полицейлер әрқайсысы 450 миллилитрден қан тапсырып, жалпы көлемі 6 литрге жуық донорлық қан өткізу арқылы бірнеше адамның өмірін аман алып қалуға мүмкіндік жасады.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Донорлыққа қатысқан тәртіп сақшыларының айтуынша, қызметтік міндеттерін атқару кезінде жол-көлік оқиғаларында қан жоғалту салдарынан өмірі қыл үстінде тұрған адамдарды жиі кездестіреді. Осы орайда, олар қан тапсырудың маңызын жақсы түсінеді және мұндай игі іске әрдайым үлес қосуға дайын.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Қан орталығынык мамандары полицейлердің белсенді қатысуын жоғары бағалап, мұндай үлгілі қадам қоғамға зор серпін беретінін атап өтті. Донорлық – тек медициналық қажеттілік емес, қиын жағдайда қалған жандарға көрсетілетін тікелей көмек, адам өмірін сақтап қалудың нақты жолы.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұл шара полицейлердің тек құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен шектелмей, азаматтардың өмірін қорғауға бағытталған әлеуметтік бастамаларға да ерекше мән беретінін көрсетеді. Атырау полицейлері алдағы уақытта да осындай қайырымдылық және қоғамдық маңызы бар іс-шараларға белсене қатысуды жалғастырмақ.