Мемлекет басшысы: Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие болады

Пашинян 20 қараша 2025 жылы ресми сапармен Астанаға келді  21 қарашада тар және кең құрамда келіссөздер өтті., сурет - Zakon.kz жаңалық 21.11.2025 15:10 Сурет: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Қазақстан үшін маңызды және сенімді серіктес екенін атап өтті, ал екіжақты қатынастар берік достық пен өзара құрметке негізделген деп хабарлайды Zakon.kz.

Президент Арменияны еліміздің маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атады. Екіжақты қарым-қатынас берік достыққа және өзара құрметке негізделген.

"Қазақстанның Армения мемлекетіне және оның халқына деген ықыласы айрықша. Біз армян жұртының терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне зор құрметпен, ілтипатпен қараймыз. Осы құндылықтардың негізінде барлық бағыттағы ықпалдастығымыз ұдайы дамып келе жатыр. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Менің былтыр Арменияға жасаған ресми сапарымның қорытындысы және бүгінгі келіссөздердің нәтижесі – соның айқын дәлелі. Қазақ-армян қарым-қатынасы стратегиялық сипатқа ие болады. Соған сәйкес Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Бұл шешім екі елдің достығын бекемдеп, сан салалы жаңа ынтымақтастық кезеңіне жол ашары анық. Осы орайда, құрметті Никол Воваевич Пашинянның Қазақстан мен Арменияның қарым-қатынасын нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесін атап өткім келеді. Никол Воваевич Пашинян халықаралық қауымдастыққа күшті басшы, көреген саясаткер, көрнекті мемлекет қайраткері ретінде кеңінен танымал, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бүгінгі мазмұнды келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалады

"Біз сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты жандандыру мәселесіне баса мән бердік. Өзара алыс-беріс көлемін арттыруға, тауар түрін көбейтуге қатысты нақты шараларды қолға алуға келістік. Өзара сауда айналымын ұлғайту үшін Қазақстан армян нарығына жалпы құны 350 миллион доллар болатын тауар ұсына алады. Сондай-ақ біз Арменияның экспорттық әлеуетін қолдауға ниет білдірдік. Оған қоса, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өттік. Кәсіпкерлер арасындағы байланысты нығайтатын нақты қадамдарды қолға алуға келістік. Жаңадан құрылған Қазақстан – Армения іскерлік кеңесі екі ел бизнес өкілдерінің басын қосып, екі жаққа да тиімді жобаларды жүзеге асыруға тиіс", – деді Президент.

Келіссөзде елдеріміз өнеркәсіп, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, құрылыс және басқа да салалардағы серіктестікті дамыта алатынына назар аударылып, соның ішінде көлік-транзит бағытының әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән берілген.

"Оңтүстік Кавказдағы жаңа геосаяси ахуал екіжақты және аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдай туғызып отыр. Қазақстан Арменияның көлік-транзит саласындағы "Бейбітшілік қиылысы" бастамасын қолдайды. Сондай-ақ біз "TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы" жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанымызды растаймыз. Осы стратегиялық дәліздерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен және Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен ұштастыру екі елдің де мүддесіне сай келеді", – деді Президент.

Мемлекет басшысы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілгенін тілге тиек етті. 

"Мен Әзербайжан басшысына санкцияларды алып тастап, өз елі арқылы екіжақты тікелей сауда жүргізу туралы шешім қабылдағаны үшін ризашылығымды білдірдім. Мысалы, биылғы қараша айында Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілді. Бұл бастаманың саяси және экономикалық мән-маңызы айрықша. Біз Арменияға жоғары сапалы астық өнімдерін және басқа да тауарларды тұрақты түрде жеткізуге дайынбыз Осы бағыттағы жұмысқа күш-жігерімізді жұмылдыруға уағдаластық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу және әуемен жүк тасымалдау жұмысын ретке келтіру – маңызды міндеттің бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пашинян 20 қараша 2025 жылы ресми сапармен Астанаға келді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: