Алматыда ҰОС ардагері 101 жасқа толды
Сурет: Алматы гарнизоны баспасөз қызметі
Виктор Карпович соғыстың басым бөлігін бастан өткерген. Ол Венаны азат етуге қатысқан, Австрия мен Венгрия аумақтарында шайқасты. Чехословакия шекарасындағы Зноймо қаласын азат етіп, дәл сол жерде Жеңіс күнін қарсы алған. Қызмет барысында ол аға сержант шеніне дейін көтерілді.
Ардагер II дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен, сондай-ақ бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Сурет: Алматы гарнизоны баспасөз қызметі
Виктор Изюмников Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Оның туған жері – Зеленов ауданындағы Чернояров хуторы. Әкесі Карп Варфоломеевич пен анасы Клавдия Зиновьевна бес бала тәрбиелеген – төрт ұл және бір қыз.
Соғыс басталғанда әкесі мен үлкен ағасы Георгий майданға аттанды. Виктор мектепті 1942 жылы бітіріп, тамыз айында повестка алған. Көп ұзамай екінші ағасы Николай да әскерге шақырылған.
Виктор Оралда орналасқан, Ленинградтан эвакуацияланған байланыс әскери училищесіне түсті. 1943 жылдың маусымында курсанттар тобы әуе-десант әскерлеріне жіберіліп, Виктор 17-ші гвардиялық әуе-десант бригадасына тағайындалды. Кейін бригада 106-шы атқыштар дивизиясының 355-ші гвардиялық полкіне айналып, Будапешт маңына жіберілді. Соғыс соңында Виктор Карпович аға сержант шеніндегі радиостанция бастығы болды.

Сурет: Алматы гарнизоны баспасөз қызметі
1947 жылдың наурызында демобилизацияланды. Әкесі аман оралғанымен, екі ағасы соғыстан қайтпай, майданда қаза тапты.
Соғыстан кейінгі өмірі және қызметі
Соғыстан кейін Виктор Карпович Орал ауыл шаруашылығы техникумында оқып, агроном болуды армандады. Кейін Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясына түсті, онда үздік оқып, Сталин стипендиаты атанды. Академияда болашақ жары Валентинаны кездестіріп, төртінші курста екеуі шаңырақ көтерді. Кейін олар бірге Оралға оралып, 60 жыл бірге өмір сүрген.
1971 жылы Виктор Изюмников Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің аппаратына шақырылып, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болды. Кейін Үкімет істерін басқару жөніндегі орынбасар, ал 1983 жылы — басқарушы болып тағайындалды. Ол Министрлер Кеңесі Президиумының құрамында да болды және жылына 40 мыңға жуық құжат айналымын қадағалады.

Сурет: Алматы гарнизоны баспасөз қызметі
Ол Қазақстанның көрнекті қайраткерлері Бәйкен Әшімов, Василий Гребенюк, Сұлтан Жиенбаев және Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қызмет атқарған.
Виктор Изюмников — Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы, экономика ғылымдарының кандидаты, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КПК Орталық Комитетінің мүшесі. Ол Октябрь революциясы орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, "Құрмет" орденімен, "Құрмет белгісі" орденімен, Жоғарғы Кеңес Президиумының екі Құрмет грамотасымен, көптеген дипломдармен марапатталған.