«Қызылорда - Жезқазған» жолы пайдалануға берілді

«Қызылорда - Жезқазған», жаңа жол, пайдалануға берілді, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.11.2025 17:28 Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін - Сыр өңірінде халық көптен күткен, көлік жүргізушілері мен жолаушылардың арманына айналған «Қызылорда-Жезқазған» жолы пайдалануға берілді. Осылайша экономиканың күретамыры саналатын отандық жол инфрақұрылымын жетілдіру тарихының жаңа парағы ашылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, депутаттар және ардагерлер қатысты.

Аймақ басшысы бұл жолдың өңір экономикасына, өндірістің өркендеуіне, тұрғындардың әл-ауқатының артуына тигізетін оң ықпалы мен ерекше маңызын атап өтті.

«Бүгін – аймағымыз үшін тарихи күн! «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының ашылу рәсімінде бас қостық. Халқымыз ұзақ жылдан бері армандап келген автожолды салуға қолдау көрсеткен Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлына барша Сыр жұртшылығының атынан зор ризашылығымызды, шынайы алғысымызды білдіреміз», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Өңір басшысы республикалық маңызы бар автомобиль жолы туралы мәселе Тәуелсіздік алған кезеңнен бері бірнеше мәрте көтерілгенін, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тұрғындарымыз қара жолмен елордаға, Ұлытау, Қарағанды облыстарына қатынағанын, Астанаға 2 мың шақырымнан астам жол жүріп, Балқаш арқылы да барғанын баса атап өтті.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

"Енді міне, президентіміздің ерекше қолдауының арқасында қанша жылдан бері халқымыз көтерген өзекті мәселе өз шешімін тапты. Облыс аумағындағы 216 шақырым жол толық қайта жаңғыртудан өтіп, тиісті жұмыстар аяқталды. Жобаны жүзеге асыруға 84 млрд теңге бөлінді. Бұрынғы өткен бабалардан қалған «Бақ, қайда барасың, ынтымағы жарасқан елге барамын», – деген жақсы сөз бар. Әрдайым бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болсын! Жүргізушілер мен жолаушыларға әрдайым ақ жол, сәт сапар тілейміз! Жаңа жол берекенің бастауы болғай!", - деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Марапаттау, жол саласы, мамандар, Қызылорда - Жезқазған, жаңа жол , сурет - Zakon.kz жаңалық 26.11.2025 17:28

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рәсімде ауқымды жобаның жүзеге асуына үлес қосқан құрылысшылар мен инженерлерге, жол саласының мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев құттықтау сөз сөйледі.

Негізі «Қызылорда-Жезқазған» жолының ашылуы келесі жылға жоспарланған болатын. Халықтың сұранысы ескеріліп, мерзімінен бұрын пайдалануға берілді.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бұрын сапарға шыққандар екі аралықта 20 сағат жол жүретін. Енді жаңа жолға түскен жолаушылар 16 сағатта діттеген жеріне барады. Жол тегіс, сапасы жоғары, қауіпсіздік, жайлылық ескерілген.

Ұлытау облысының аумағында басталған құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа жол пайдалануға берілгенде Астанаға бағыт алған көлік 12 сағатта жететін болады.

Бүгінде «Қызылорда-Жезқазған» жолын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізіне қосатын 25 шақырымдық айналма жол салатын мердігер мекеме анықталуда. Жақын күндері құрылысы басталады. Жоба құны – 46 млрд 3 млн теңге.

Республикалық маңызы бар жол көлік қатынасын едәуір жеңілдетіп, жүк тасымалының тиімділігін арттырады. Жол бойында заманауи сервистік қызмет көрсететін пункттер бой көтеріп, шағын және орта бизнес жанданады. Аймақтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық интеграция нығая түседі.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: