Өңдеу кәсіпорындарына маусымдық несие беру тетігін енгізу қажет – депутат
Фото: akorda.kz
Оның айтуынша, өңірлерге жұмыс сапарлары кезінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорын өкілдері депутаттарға бірнеше рет жүгінген.
"Басты мәселе – жоғары кредиттік жүктеме, айналым қаражатының жетіспеуі және қолжетімді ұзақ мерзімді несиелердің болмауы. Бүгінгі қолданыстағы "Кең Дала", "Агробизнес" сияқты бағдарламалар негізінен көктемгі егіс, күзгі жиын-терім жұмыстары мен мал шаруашылығын қолдауға бағытталған. Ал аграрлық сектордың өңдеу саласы мақсатты мемлекеттік қолдаудан тыс қалып отыр. Шын мәнінде, дәл осы сала қосылған құн қалыптастыруда және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Біз жылына 300 мың тоннадан астам күнбағыс тұқымын өңдейтін май экстракциялау зауытын араладық", – деді Кузиев.
Депутаттың айтуынша, аталған кәсіпорын өз өнімінің 80%-ға дейінін экспортқа шығарады, елге валюта түсіреді және жаңа жұмыс орындарын құрайды. Алайда кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуі үшін тек өзіне кемінде 30 млрд теңге көлемінде айналым қаражаты қажет.
"Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары, мысалы, "Агробизнес" бағдарламасы аясында берілетін 1,5 млрд теңгелік қысқа мерзімді несие ірі өңдеушілердің ең төменгі қажеттілігін де жаппайды. Мұндай өңдеу кәсіпорындары елде аз емес, және олардың басым бөлігі дәл осындай қиындықтарға тап болып отыр. Бұл өндірістік циклдің тұрақтылығына қауіп төндіреді. Айта кету керек, бұндай қаражат – қайтарымды, оларға жыл сайын бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қажет етпейді және экономикалық тиімділігі жоғары. Бүгінде өңдеуші кәсіпорындардың орташа рентабельдігі 10–15% шамасында", – деп атап өтті сенатор.
Сонымен қатар банктердің кредиттік мөлшерлемелері көбіне жылына 25%-дан асады. Бұл кәсіпорындарды қарызды өтеуден артылмайтын жағдайға жеткізіп, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік бермейді. Бұған қоса, өңдеу кәсіпорындары 2–3 ай ішінде шаруа қожалықтарынан бір жылдық шикізат көлемін толық сатып алып, ақысын түгел төлейді. Кейін осы шикізатты бір жыл бойы сақтап, өңдейді.
"Мұндай өндірістік цикл едәуір айналым қаражатын және ұзақ мерзімді кредит желілерін талап етеді, ал қазіргі кредиттеу бағдарламаларында бұл қарастырылмаған. Соның салдарынан өңдеу саласының дамуы ауыл шаруашылығы өндірісінің өсімінен айтарлықтай қалып келеді. Бұл ел ішінде қосылған құнның айтарлықтай бөлігін жоғалтуға және аграрлық сектордың экономикалық тұрақтылығының төмендеуіне әкеледі", – деді Кузиев.
Депутат ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардан келіп жатқан көптеген өтініштерді ескере отырып, келесі ұсыныстарды айтты:
- өңдеу кәсіпорындарының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін арнайы қаржылық құралдарды әзірлеу;
- айналым қаражатын толықтыру үшін кемінде үш жыл мерзімге жылдық 5%-дан аспайтын ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелер қарастыру;
- өңдеу кәсіпорындарының өндірістік цикліне сай келетін маусымдық кредиттеу тетігін енгізу.
Бұған дейін қазақстандықтар мен қандастар үшін тұрғын үйді бөлу ережелері өзгергенін жазғанбыз.