Сенатор Маңғыстауда шағын мұнай өңдеу зауытын салуды ұсынды
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
2025 жылғы 25 қыркүйекте Сенат депутаты Сүйіндік Алдашев депутаттық сауалында Маңғыстау облысында шағын мұнай өңдеу зауытын салу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Оның айтуынша, авиация саласында авиаотын тапшылығы мәселесі шешілмей отыр. Бұл өз кезегінде тасымалдау құнының артуына және өңірдегі әуе қатынасының бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне себеп болуда.
"Қымбат авиаотынға байланысты көптеген халықаралық рейстер экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып қалды. Соның салдарынан авиациялық логистиканы тиісті деңгейде дамыту мүмкін болмай отыр. Бұл жағдай өңірлік және халықаралық сауданың дамуын тежейді әрі туристік ағынның артуына кедергі келтіреді", – деді Алдашев.
Оның мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 650–700 мың тонна авиаотын өндіріледі, алайда тұтыну көлемі шамамен 1 миллион тоннаны құрайды. Осыған байланысты 350 мың тоннадан астам отын Ресей мен басқа елдерден импортталады.
"Алдағы уақытта Маңғыстау облысында авиациялық хаб құрылғаннан кейін өңірдегі авиаотын тұтыну көлемі қазіргі 15 мың тоннадан 120–130 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін. Сонымен қатар дизель отыны мен бензин тапшылығына байланысты өңір әлеуетін дамыту жоспарларын жүзеге асыруға қауіп төндіретін қосымша тәуекелдер туындауы мүмкін. Осыған байланысты Үкіметтің Маңғыстау секілді мұнайлы өңірде отын тапшылығын Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнімін арттыру арқылы шешу жоспарына күмәнмен қарауға негіз бар, өйткені бұл жанармай құнының өсуіне алып келуі мүмкін", – деп мәлімдеді депутат.
Сенатордың пікірінше, бұл мәселені қуаттылығы жылына 5 млн тоннаға дейін жететін шағын мұнай өңдеу зауытын салу арқылы шешуге болады.
"Шағын МӨЗ өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырады, шетелдік мұнай өнімдеріне тәуелділікті азайтады және отын бойынша логистикалық шығындарды қысқартады. Сондықтан Маңғыстау облысында шағын мұнай өңдеу зауытын салу жобасын өңірді кешенді дамыту мен оның логистикалық инфрақұрылымын жаңарту бойынша маңызды қадам ретінде қарастыруды сұраймыз", – деп түйіндеді Алдашев.
Бұған дейін Астанада қоқыс шығару тарифі тағы қымбаттауы мүмкін екенін жазғанбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript