БҚО-да шаруалар тоғанның жекеге берілуіне қарсы шығып отыр
Фото: wikimedia
Жұмыр тоғаны – кеңес дәуірінде көлден су бұру арқылы жасалған бөгет. Қар суымен толығып, жыл бойы мыңдаған малдың негізгі су көзі болып келеді. Қазір бұл тоғанды бірнеше шаруа қожалығы мен ауыл тұрғындарының малы пайдаланып отыр, деп жазады qazaqstan.tv.
Шаруа қожалығының жетекшісі Наурыз Қуаныштың айтуынша, шаруалар 2019 жылдан бері осы тоғанға тәуелді. "Мал суаратын жалғыз суат – осы. Тоғанның жекеге өтіп кетпеуін қалаймыз", – дейді ол.
Тұрғындар судың сапасын сақтау үшін өздері тоғанға шабақ салып отырғандарын айтады. Алайда су айдыны жалға берілсе, балық шаруашылығы үшін қоршалып, малға суару қиындайды деп алаңдайды.
Шаруа қожалығы иесі Ерғали Зайнуллин жазда мұнда 2,5 мыңға жуық ірі қара келеді. Ауылдың жеке малы тағы бар. Тоғанды жекеге берсе, ертең қоршап тастайды деп қорқамыз", – деді.
Бақташы Ерғали Жорасов та балық өсіруге арналған зерттеулер жүргізілгенін растады. "Мамандар келіп судың деңгейін тексерді. Біз бұған қарсы екенімізді айттық", – деп отыр.
Ресми мәліметке сәйкес, жазда Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы су айдынына зерттеу жүргізген. Жалпы облыстағы 176 су айдынының 58-інде балық шаруашылығымен айналысуға рұқсат бар.
Облыстық Балық инспекциясы басқармасының бас маманы Гүлсара Ермұханова бұл тоған балық өсіруге жарамды деп танылғанын айтты. "Су айдыны біреуге берілген жағдайда да айдынды қоршауға немесе мал суаруға кедергі келтіруге құқығы жоқ", – деді ол.
Қазір Жұмыр тоғанының төлқұжаты әзірленуде. Кейін ол жергілікті маңызы бар су айдындарының тізіміне енгізілуі мүмкін. Алайда Казталов аудандық қоғамдық кеңесі мен мәслихат депутаттары тоғанды жалға беруге қарсылық танытып, облыстық Табиғи ресурстар басқармасына ресми хат жолдаған.
Мәселе әзірге ашық күйінде қалып отыр.