БҚО-да арақ ішкен ауыл әкіміне айыппұл салынды
"Мой город" басылымы құқық қорғаушы әрі "Әділдік жолы" республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Бауыржан Ахметжанға Тасқала ауданы, Мерей ауылдық округінің тұрғындары арызбен жүгінгенін хабарлайды. Олардың айтуынша, 1 маусымға қараған түні ауыл әкімі Орынбек Насимуллин көшеде мас боп жүрген. Аудан әкімі Талғат Шәкіров пен прокурор бұл фактіні тексеру үшін ауылға келіп жетті.
Орынбек Насимуллинге қатысты ҚР ӘҚБтК 440-бабына сәйкес, "Алкогольдік ішімдіктерді тұтыну немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болу" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оған 5 АЕК (18 460 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
"Сондай-ақ біз Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаментіне сауал жолдап, оны тәртіптік жауапкершілікке тартуды сұрадық. Әкімнің өзі үйде сыра ішкенін айтып, ақталды. Сырттағы шуды естіп, не болып жатқанын білу үшін көшеге шыққан көрінеді", - дейді Бауыржан Ахметжан.
20 маусымда Тасқала ауданы әкімінің міндетін атқарушының шешімімен Орынбек Насимуллинге ескерту берілді. Айта кетейік, ол 2022 жылы ең үздік ауыл әкімі болып танылған.