Атырауда жаңа арнайы экономикалық аймақ құрылды
Фото: primeminister.kz
Құжатқа сәйкес, "Атырау" арнайы экономикалық аймағы 2036 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге құрылды.
Арнайы аймақ Атырау облысының аумағында, Атырау қаласының әкімшілік шекараларында, Атырау – Доссор трассасы бойында және Жылыой ауданында орналасқан.
Арнайы экономикалық аймақтың жалпы аумағы 450 гектарды құрайды және ол Қазақстан аумағының ажырамас бөлігі болып табылады.
Аймақ құрамына мыналар кіреді:
- Атырау – Доссор автомобиль жолы бойындағы 400 гектарлық өндірістік аймақ;
- Жылыой ауданындағы 50 гектарлық қосымша аймақ.
Құрылу мақсаты:
- жоғары өнімді, бәсекеге қабілетті заманауи өндірістерді жедел дамыту;
- қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеру;
- инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу;
- өңір және ел экономикасының өсуіне үлес қосу;
- халықтың жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыру;
- өңдеу өнеркәсібін дамыту, химия, мұнай-химия, металлургия, минералдық өнімдер, металды өңдеу, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру сияқты жоғары қосымша құнды салаларды ілгерілету.
Аймақ аумағында арнайы құқықтық режим қолданылады және еркін кеден аймағы тәртібі енгізіледі.
Құжатқа сәйкес, еркін кеден аймағы тәртібі қолданылатын аумақ кедендік бақылау аймағы болып есептеледі. Бұл аумақта кедендік бақылауды қамтамасыз ету үшін қажетті инфрақұрылым орнатылуы тиіс. Аумақты қоршау және бейнебақылау жүйесімен жабдықтау талаптарын кеден саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Сондай-ақ аймақ аумағында шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ тұлғалардың, олардың көлік құралдарының кіру, шығу, транзит және болу тәртібі Қазақстан заңнамасы мен ратификацияланған халықаралық келісімдерге сәйкес реттеледі.
Арнайы экономикалық аймақтың (АЭА) белгіленген мерзімі аяқталған кезде оны тарату тәртібі бойынша Атырау облысының әкімдігі:
- көрсетілген мерзім аяқталуға үш ай қалғанда бұқаралық ақпарат құралдарында АЭА-ны тарату туралы, оған қатысты өтініштер мен талаптарды қабылдау тәртібі мен мерзімдері жөнінде хабарландыру жариялайды;
- АЭА аумағында қызмет жүргізетін заңды және жеке тұлғаларға сол аумақтағы тауарларды басқа кедендік рәсімге қайта рәсімдеу тәртібін түсіндіруді қамтамасыз етеді;
- АЭА таратылғаннан кейін бір ай ішінде оның қызметінің нәтижелері туралы есепті Қазақстан президентіне және үкіметіне ұсынады.
"Атырау" арнайы экономикалық аймағының 2036 жылға арналған нысаналы көрсеткіштері:
- жалпы инвестиция көлемі – 320 млрд теңге;
- шетелдік инвестициялар көлемі – 120 млрд теңге;
- отандық инвестициялар көлемі – 200 млрд теңге;
- АЭА аумағында өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің (жұмыстардың) жалпы көлемі – 410 млрд теңге;
- қатысушылар саны – 70 компания;
- АЭА аумағында құрылатын жұмыс орындары – 2500 адам;
- АЭА аумағындағы өндірістің жалпы көлеміндегі қазақстандық үлес – 85%.
Қаулы 2025 жылғы 1 желтоқсанда күшіне енді.