Қазақстанда 2027 жылы жүргізушісіз жүк көліктері іске қосылуы мүмкін
Фото: freepik
ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев 2025 жылғы 9 желтоқсанда үкіметте өткен баспасөз конференциясында Қазақстанда жүргізушісіз көліктерді енгізу жоспарлары жайлы айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Нұрлан Сауранбаев қазір елімізде болашаққа бағдарланған жолдар салынып жатқанын атап өтті.
"Жолдар салынған кезде біз бұл инфрақұрылымға қажетті сенсорлар орнатылатын етіп жоспарлап отырмыз, сонда жүргізушісіз көліктер Қазақстан аумағында жүруге мүмкіндік алады", – деді ол.
Бұл бастаманың басты бағыты – өткізу пункттері.
"Бұл жобаны біз әріптестерімізбен, көршілес елдермен талқылап жатырмыз – оны ЕАЭО шеңберінде өткізу пункттерінде бастауға ниеттіміз. Өйткені өткізу пунктінде кезек көбінесе жеке тұлғаның паспорттық бақылауына байланысты. Егер жүргізушісіз көліктер болса, бақылау процесі айтарлықтай жеделдейді. Бізде бағдарлама бар. Менің ойымша, 2027 жылы көршілерімізбен бірге үлкен пилоттық жобаны іске қоссақ, бұл Қазақстанның транзиттік әлеуеті тұрғысынан өте тиімді болады", – деді министр.
Ол 2027 жылы жүргізушісіз жүк көліктерінің пайда болуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
"Соңғы зерттеулерге сәйкес, 2036–2040 жылдары жүк көліктері іштен жанатын қозғалтқышсыз, тек батареямен жұмыс істейтін болады, электр пойыздары сияқты. Екіншіден, олар автопоезд ретінде қолданылатын болады – яғни жүргізушісіз әрі ұзартылған формада. Қазір әлемде қала ішінде жүргізушісіз такси жұмыс істеп жатыр, ал жүк көліктерін жүргізушісіз ету – тек уақыт мәселесі. Біздің жоспарда 2027 жылы алғашқы кең ауқымды пилоттық жобаларды жүргізушісіз жүк көліктерімен іске қосу көзделген", – деді министр.
Министрдің пікірінше, мұндай жаңалық логистикалық компанияларға тиімді болады.
"Жүк тасымалы құнындағы ең үлкен бөлігі жүргізушінің жалақысына кетеді, екіншіден, көліктің жүрісіне шектеу қойылған – тахометр бойынша жүргізуші 8 сағаттан артық жүре алмайды. Ал егер көлік автопилотта болса, ол тәулік бойы жүре алады. Сол себепті, жүк тасымалының жылдамдығы үш есе артып, экология да жақсарады", – деп түсіндірді Сауранбаев.
Сонымен қатар, ведомство жүргізушісіз такси мен аэротакси туралы заң жобасын әзірлеуде.
"Құжат дайын, оны 2026 жылы Парламентке енгіземіз. Біз заманауи технологияларды Қазақстан аумағында қолдану үшін уақытпен бірге ілгерілеуге тырысып жатырмыз", – деп қорытындылады Нұрлан Сауранбаев.
Бұған дейін Жамбыл облысының тұрғынынан 15 келіден астам марихуана тәркіленгенін жазғанбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript