Қазақстан халықаралық беделі жоғары, табысты мемлекетке айналды – Тоқаев
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Turkistan газетіне берген сұхбаты барысында Қазақстанның 2026 жылға арналған жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент осы жылдарда Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін өте көп жұмыс атқарылғанын баса айтты.
"Иә, жетістіктермен қатар, қателіктер де болды. Онсыз мүмкін емес қой?! "Білмейтін жолдың ой-шұңқыры көп" деген сөз бар. Қалай болғанда да, еліміз бұралаңы көп, бағдары бұлыңғыр, күрделі жолды жүріп өтті. Жер жүзінде Қазақстанға тілеулестік білдіргендер аз болған жоқ, бірақ жымысқы ниет танытқандар да бар еді. Өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың басында шетелдерде "қазақтардың қолынан ештеңе келмейді" деген пікір айтылып жатты. Өйткені, демографиялық ахуал мен кеңес дәуірінен қалған саяси және экономикалық жағдай табысты мемлекет құруымызға қолбайлау болатындай көрінді. Өмірдің өзі бұл болжамдарды жоққа шығарды. Қазақстан экономикасы қарқынды дамып жатқан, халықаралық беделі жоғары, табысты мемлекетке айналды. Бірақ, алдымызда тәжірибесі мол азаматтарға да, жастарға да ортақ орасан зор жұмыс бар",- деді ол.
Осы ретте, президент 2026 жылға арналған жоспарлардың көп екенін жасырмады.
" Осы жылы ауқымды саяси өзгерістердің жаңа кезеңі басталады, экономикалық реформалар жалғасын табады. Еліміз жаңғыру жолына біржола түсіп, қоғамымыздың болмысы мен бет-бейнесін түбегейлі өзгертуге тиіс. Азаматтарымыз жаңа дәуірге бейімделуі қажет. Бұл – оңай шаруа емес. Бірақ, халқымыз, соның ішінде жастарымыз алмайтын асу жоқ. Бұған кәміл сенемін",- деп мәлімдеді президент.
Сондай-ақ, ол осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын атап өтті.
" Бұл еліміз үшін тарихи мүмкіндік екенін жаңа ғана айтып өттік. Түбегейлі цифрлық өзгерістер жасап, жасанды интеллектіні енгізу экономиканың және басқа да көптеген саланың дамуына тың серпін береді. Мемлекетті басқарудан бастап, білім беру және денсаулық сақтау саласына дейін – барлық бағытта өсіп-өркендеуге жол ашады". Қасым-Жомарт Тоқаев
Сонымен қатар, мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы – еліміз үшін айтулы дата екенін баса айтты.
"Тәуелсіздіктің мерейлі белесінас та төк науқаншылдыққа айналдырмау керек, бұл Қазақстанның өсіп-өркендеуінің символы болуға тиіс. Мен Президент ретінде "Таза Қазақстан" акциясын алдағы уақытта да ерекше назарымда ұстаймын. Бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор. Себебі, "Таза Қазақстан" жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізденіп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытып, қайырымдылық жасауға үндейді. Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл қадам "Таза Қазақстан" идеясымен толық үндеседі". Мемлекет басшысы
Сұхбаттың толық мәтінін сілтемеге өту арқылы оқи аласыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript