Венесуэла АҚШ-қа жаңа жеңілдіктер жасады
Сурет: whitehouse
7 қаңтарда Трамп Венесуэланың уақытша билігі АҚШ-қа 30–50 млн баррель көлемінде жоғары сапалы мұнай жеткізетінін айтқан болатын. Ал енді оның сөзінше, Венесуэла бұдан былай тек америкалық өндірістегі өнімдерді ғана сатып алуға бекініп отыр. Бұл сатып алулар АҚШ-пен жасалатын жаңа мұнай келісімінен түсетін қаражат есебінен жүзеге асырылады.
Алдағы сауда операцияларының тізіміне мыналар кіреді:
- америкалық ауыл шаруашылығы өнімдері;
- дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар;
- Венесуэланың электр желілері мен энергетика саласын қалпына келтіруге арналған АҚШ-та өндірілген құрал-жабдықтар.
"АҚШ Венесуэланың негізгі экономикалық серіктесіне айналып отыр, бұл екі ел халқы үшін де тиімді", – деді АҚШ президенті.

Сурет: whitehouse
Бұған дейін АҚШ Энергетика министрлігі венесуэлалық мұнайды сатудан түскен қаражат АҚШ-тағы шоттарда жиналатынын хабарлаған болатын. Бұл қаржы "америкалық және венесуэлалық халықтардың мүддесі үшін" жұмсалады деп жоспарланып отыр және оны пайдалану тек АҚШ билігінің шешімімен жүзеге асады. Министрлік өкілдері венесуэлалық мұнайды әлемдік нарықта сату жұмыстары басталғанын да мәлімдеді.