Қазақстан мұнайын тасымалдаған танкерлерге шабуыл жасалды: Энергетика министрлігі мәлімдеме жасады
Сурет: pixabay
Ведомствоның мәліметінше, Мальта туы астында жүрген, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының еншілес ұйымы жалға алған Matilda танкері ұшқышсыз ұшу аппаратының (БПЛА) шабуылына ұшыраған. Кемеде жарылыс тіркелген, алайда өрт болмаған. Экипаж мүшелері арасында қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Техникалық қызметтердің алдын ала бағалауына сәйкес, танкердің жүзу қабілеті сақталған, корпусында аса ауыр зақым белгілері анықталмаған.
"Сондай-ақ Либерия туы астындағы Delta Harmony танкері де жүк тиеуді күтіп тұрған кезде БПЛА шабуылына ұшыраған. Оқиға салдарынан өрт шыққанымен, ол жедел түрде сөндірілді. Экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ", - делінген хабарламада.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, жедел штаб деректеріне сәйкес, оқиға кезінде танкерге мұнай тиеу әлі басталмаған, жүк танктері бос болған. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының экспорттық ресурстарына залал келмеген.
"Энергетика министрлігі ұлттық оператор – "ҚазМұнайГазбен", консорциум әкімшілігімен және кеме иелерімен бірлесіп, логистикалық тізбектердің қауіпсіздігін және экспорттық жеткізілімдердің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін жедел түрде үйлестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр", - деп түйіндеді ведомство.
Бұған дейін қазақстандық мұнай тиелген танкердің Каспий құбыр консорциумы маңында дрондар шабуылына ұшырағаны туралы ақпарат тараған еді.