Алматыда және Алматы облысында аяздың беті қашан қайтады
Сурет: Zakon.kz
Zakon.kz оңтүстік мегаполисте күн қашан жылынатынын және жауын-шашын әрі қарай түсе ме деген сауалды "Қазгидромет" өкіліне қойды.
"Қазгидромет" Алматы және Алматы облысы бойынша филиалының жетекші инженер-синоптигі Дәулет Кісебаевтың айтуынша, алдағы кезеңде ауа температурасының орташа көрсеткіштері бұрынғыдан жоғары болады.
"Алдағы екі күнде Алматыда жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін, жолдарда көктайғақ сақталады. Бұл күндері температуралық фон сәл жоғарылайды: түнде -8…-13 градус, күндіз -0…-5 градус шамасында болады", - деді синоптик.
Оның айтуынша, жұма күні, 23 қаңтарда, оңтүстік циклонның әсерінен қалада бұлтты ауа райы орнайды.
"Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты бейсенбі кешінен жұма тәулігі бойы қар жауады, кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ құбылыстары байқалады. Демалыс күндері қайтадан жауын-шашынсыз болады, ауа температурасы айтарлықтай өзгермейді: түнде -7…-12 градус, күндіз -2…-7 градус", - деді Дәулет Кісебаев.
Синоптик алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын да ұсынды.
21 қаңтар, сәрсенбі: Алматыда құбылмалы бұлтты, жауын-шашынсыз. Түнде және таңертең тұман түседі. Жолдарда көктайғақ болуы мүмкін. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 2-7 м/с-ке жетеді. Ауа температурасы түнде -11…-13°С, күндіз -3…-5°С.
22 қаңтар, бейсенбі: Құбылмалы бұлтты, кешке қарай қар жаууы мүмкін. Солтүстік-шығыстан соғатын жел 5-10 м/с, күндіз екпіні 15 м/с-ке дейін жетеді. Ауа температурасы түнде -8…-10°С, күндіз -1…-3°С.
23 қаңтар, жұма: Құбылмалы бұлтты, кей уақытта қар жауады. Солтүстік-шығыстан соғатын жел 5-10 м/с, екпіні 15 м/с. Ауа температурасы түнде -5…-7°С, күндіз -3…-5°С.