Қазақстан туризміндегі негізгі проблемалар аталды
Фото: pexels
Министрдің айтуынша, негізгі көрсеткіштер өсіп келе жатса да, салада әлі де бірқатар проблемалық мәселелер бар.
"Ең алдымен курорттық аймақтардың инфрақұрылымы. Мемлекет басшысының туристік бағыттарды ретке келтіру тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет Аппараты мен Президент Әкімшілігінің инспекторларымен бірлесіп Бурабай, Баянауыл, Қатон-Қарағай, Балқаш, Қапшағай, Алакөл, Абай және Жетісу облыстары мен Маңғыстаудағы Каспий теңізінің жағалауындағы курорттық аймақтарға тексеріс жүргіздік", – деді Мырзабосынов.
Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Абай және Жетісу облыстарындағы курорттық аймақтарда сумен жабдықтау және орталықтандырылған кәріз жүйесі мәселелері әлі өз шешімін тапқан жоқ. Су пайдалану, оның ішінде ұңғымаларды қолдану мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл проблема, әсіресе, Алакөлдің шығыс жағалауында өзекті.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, Алакөл көлінің екі жағында жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілуі қажет. Мысалы, Абай облысында бірқатар демалыс базасы суға өте жақын орналасқан, сондықтан бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды. Сонымен қатар, Жетісу облысында Каспий мен Алакөл жағажай аймақтарында тереңдету жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Еске сала кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов министрден экотуризмді дамыту мәселесі жөнінде сұраған болатын.