Қарағандыдағы дәмханада болған газ жарылысынан екі адам мерт болды

Қарағандыдағы дәмханада болған газ жарылысынан екі адам мерт болды, сурет - Zakon.kz жаңалық 28.01.2026 19:30 Сурет: Zakon.kz
Қарағандыда болған қайғылы оқиға салдарынан екі адам қаза болды. Дәрігерлер ауыр күйік шалған науқастарды аман алып қала алмады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Фастфуд дәмханасында газ баллоны жарылып, төрт адам зардап шекті. Мұны облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Қайғылы оқиға 22 қаңтар күні Ермеков көшесінде болды. Шағын дәмханада газ баллоны жарылып, соның салдарынан өрт шыққан. Жалын нысанның ішкі және сыртқы қаптамасына, сондай-ақ жиһаздарға тез тарап кеткен. Өрттің жалпы аумағы шамамен 30 шаршы метрді шарпыған.

Оқиға орнына жедел түрде өрт сөндіру бөлімшелері жетіп, құтқарушылар дәмханадан көлемі 27 литр болатын тағы екі газ баллонын алып шықты. Бұл шара өрттің одан әрі өршуіне жол бермеді.

Төтенше жағдай салдарынан төрт адам түрлі дәрежеде жарақат алды. Үшеуі ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілсе, тағы бір науқас орташа дәрежелі күйікпен комбустиология бөліміне жатқызылды.

Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жағдайы аса ауыр болған екі науқас алған жарақаттарының салдарынан көз жұмды.

"Науқастар ауруханаға кең көлемді күйікпен жеткізіліп, алғашқы минуттардан бастап жан сақтау бөлімі дәрігерлерінің бақылауында болды. Оларға бейінді мамандардың қатысуымен барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, науқастардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады", – деп хабарлады ведомство.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: