Алматыда автокөліктерді тексеру барысында экологиялық нормаларды бұзу анықталды
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Тексерістерді "Eco Almaty" ЖШС Алматы қалалық Полиция департаментімен бірлесіп, мегаполистің әртүрлі ауданында аспаптық өлшеулер арқылы жүргізді. Бұл туралы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері айтты.
Саин мен Дулати көшелерінің қиылысында мамандар 30 автокөлікті тексерді. 16 көлікте рұқсат етілген экологиялық көрсеткіштің артуы тіркелді. Оның ішінде екі заңбұзушылық дизельді қозғалтқышы бар көліктерден, тағы 12-сі бензинмен жүретін автокөліктерден анықталды.
Қосымша тексеру Сүйінбай даңғылы мен Бекмаханов көшесінің қиылысында ұйымдастырылды. Мұнда 20 автокөлік тексерілді. Экологиялық нормативтердің артуы дизель отынымен жүретін 6 көліктен анықталды.
Жалпы 50 автокөлік тексеріліп, заңбұзушылықтарға байланысты 22 әкімшілік хаттама толтырылды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 334-бабы 1-бөлігіне сәйкес, шығарындыларындағы ластаушы заттардың мөлшері немесе шу деңгейі белгіленген нормадан асатын автокөліктерді пайдалану жеке тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш, ал заңды тұлғаларға 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеледі.
Айта кетейік, автокөліктерді бақылау 2025 жылы 30 желтоқсанда бекітілген Алматы қаласының атмосфералық ауаны қорғау қағидалары аясында жүргізіліп жатыр. Құжат автокөлік құралдарын қосқанда, шығарындылар көздеріне экологиялық бақылауды күшейтуге және әсіресе қолайсыз метеорологиялық жағдайда ауаның ластануын азайтуға бағытталған.