Депутат Қазақстандағы мұнай өндірудің тиімсіз әдістерін атап көрсетті
Фото: unsplash
Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев 2026 жылғы 4 ақпанда жолдаған депутаттық сауалында мұнай алу коэффициентін арттыруды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол Энергетика министрлігіне мұнай өңдіруді арттыруға бағытталған озық технологияларды енгізу және ынталандыру бойынша жүйелі шаралар әзірлеу тапсырылғанын еске салды.
"Алайда он жыл өткеніне қарамастан, аталған тапсырмаларды іске асыруға арналған кешенді мемлекеттік жоспардың жоқ екенін атап өтуге мәжбүрміз. Мемлекет басшысы өз сөздерінде көмірсутектердің алдағы уақытта да жаһандық энергетикада шешуші рөл атқаратынын бірнеше рет атап өтті. Осыған орай, отандық мұнай-газ өнеркәсібі заманауи талаптарға толық сәйкес келуі тиіс. Әлемдік тәжірибе мұнай алу коэффициентін 60-65% деңгейіне жеткізу міндеті қойылып отырғанын, ал жекелеген кен орындарында бұл талап 70-75%-ға дейін жететінін көрсетіп отыр. Осы тұрғыда Қазақстанда осындай мақсатты бағдарлардың болмауы дәлелденген мұнай қорларының елеулі бөлігінің өндірілмей қалуына, бюджеттік кірістердің төмендеуіне және саланың инвестициялық тартымдылығының азаюына алып келуде",- деді ол.
Әсіресе, игерудің кейбір кен орындарындағы жағдай ерекше алаңдаушылық туғызады. Мысалы: Сала мамандарының деректеріне сәйкес, парафин мөлшері жоғары (20-25%) Өзен кен орнында қабат қысымын ұстап тұру үшін, қабат суы мен Каспий теңізінің салқын теңіз суының тазартылмаған қоспасын айдау практикасы қолданылуда.
"Бұл тәсіл қабат флюидтерінің физика-химиялық қасиеттеріне де, әлемдік мұнай-газ тәжірибесіне де сәйкес келмейді. Соның салдарынан қабаттың кеуекті кеңістігінің парафинмен бітелуі, тұз шөгінділерінің түзілуі, биогендік ластану нәтижесінде күкіртсутектің пайда болуы және жабдықтар жедел коррозияға ұшырап, нәтижесінде өнімді қабат деградацияланып, базалық өндіру көлемі тұрақты түрде төмендейді, бұрғылау тиімділігі азая отырып, өндірудің өзіндік құны күрт қымбаттайды және металл жабдықтарының қызмет ету мерзімі 3-5 есеге қысқарады. Халықаралық тәжірибеде тазартылмаған теңіз суын пластқа айдау, жол берілмейтін әдіс ретінде танылған. Әлемде алдыңғы қатарлы мұнай-газ компаниялары қабат қысымын формалды ұстап тұруға емес, мұнай алу коэффициентін барынша арттыруға бағытталған, тұйық циклді жүйелерді қолданады",- деп қосты депутат.
Бұл ретте, ол нақты мақсатты көрсеткіштері бар жүйелі мемлекеттік жоспарды әзірлеу және енгізу қажеттігін талап етті, оның ішінде:
- Алдағы 5 жыл ішінде негізгі кен орындары бойынша мұнай алу коэффициентін кемінде 5–10%-ға арттыруды және ұзақ мерзімді перспективада халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізуді көздейтін нақты индикаторларды белгілеу;
- Әлемдік тәжірибе мен отандық компаниялардың әлеуетін ескере отырып, стратегиялық маңызы бар кен орындарында мұнайды екінші және үшінші реттік өндіруді қоса алғанда, озық өндіру технологияларын енгізуді (қамтамасыз ету);
- Мұнай өндіру көлемін ұлғайту және ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау мақсатында қолданыстағы мұнай-газ келісімшарттарының талаптарын қайта қарау;
- Жер қабаттарының бітелуі салдарынан мұнай алу коэффициентінің нақты шығындарын бағалау.
Бұған дейін депутаттың агротехникалық колледждерді қаржыландыруды қайта қарауды ұсынғанын жазғанбыз.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript