Қосымша білім беру бағдарламаларының басым бөлігі өзектілігін жоғалтқан – депутат

Школьный учитель, учитель, педагог, школьный преподаватель, школа, школьники, ученики, сурет - Zakon.kz жаңалық 14.01.2026 16:25 Фото: akorda.kz
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова 2026 жылғы 14 қаңтарда жолдаған депутаттық сауалында қосымша білім беру саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Депутаттың айтуынша, технологиялық және әлеуметтік өзгерістер жылдам жүріп жатқан қазіргі кезеңде қосымша білім беру жай ғана "қызығушылық үйірмесі" болудан қалып, адами капиталды қалыптастырудың негізгі тетіктерінің біріне айналып отыр.

"Бұл саладағы қазіргі мемлекеттік саясатта талдауды және түзетуді қажет ететін бірқатар құрылымдық және бюджеттік шектеулер бар. Біріншіден, қосымша білім беруді қаржыландыру мәселесі. Мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдары қаржы тапшылығын қатты сезінуде: бөлінетін қаражат негізінен жалақы төлеуге ғана жетеді, ал құрал-жабдықтар мен даму қажеттіліктері қамтылмайды. Сапалы үйірмелер көбіне ақылы негізде ғана қолжетімді, бұл әлеуметтік теңсіздікті күшейтеді. Ауылдық жерлерде материалдық-техникалық базаның ескіруі мен цифрлық ресурстардың болмауы қала мен ауыл балалары арасындағы алшақтықты тереңдете түсуде", – деді Ирина Смирнова.

Ол қосымша білім беруге бөлінетін мемлекеттік бюджет үш орталық ведомство – Мәдениет, Спорт және Оқу-ағарту министрліктері арасында бөлініп отырғанын атап өтті. Бұл басқару мен бюджет қаражатын жұмсауда бөлшектенген әрі тиімсіз жүйе қалыптастырып отыр.

Сонымен қатар, қаржының бөлінуі мен оған есеп беру ашық әрі бірізді емес, бұл ресурстардың артық шығындалуына әкеліп, қосымша білім беруді мемлекеттік және өңірлік деңгейде жоспарлауды қиындатады.

"2025 жылдан бастап Қазақстанда қосымша білім беруді ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл жүйе 6 өңірде шығармашылық, спорттық және білім беру бағытындағы тегін үйірмелер мен секцияларды қамтып, 314 мың баланы ваучермен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.Оларды қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 14,2 млрд теңге бөлінді. Ал ваучерлік жүйе толық ауқымда енгізілсе, шығын көлемі бірнеше есе артады", – деп ескертті депутат.

Мысал ретінде ол Ақтөбе қаласын келтірді. Мұнда жалпы қаржыландыру көлемі 1,292 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде:

  • білім беру арқылы – 204,5 млн теңге,
  • спорт саласы арқылы – 523,7 млн теңге,
  • мәдениет саласы арқылы – 563,7 млн теңге игерілуде.

Ақтөбеде барлығы 99 600 оқушы болса, олардың тек 9507-сі ғана ваучермен қамтылған, бұл 10%-дан да аз.

"Осы жағдайда ваучерлік жүйені толық енгізуді жергілікті бюджеттер көтере ала ма деген сұрақ туындайды. Бір балаға бір үйірме үшін ай сайын төленетін сома 17 694 теңгені құрайды. Ал салыстыру үшін айтсақ, колледж студентін оқытуға бөлінетін жан басына шаққандағы қаржы айына 43 700 теңге (оқу бағдарламасының толық курсына). Қаржыландыруға ұмтылу барысында кейбір жеке жеткізушілер тек "қаражатты игеруге" бағытталған формалды, сапасыз қызметтер ұсынуы мүмкін. Ал жеткізушілерді іріктеу мен бақылаудың нақты тетіктері болмаса, педагогикалық, этикалық немесе құқықтық талаптарға сай келмейтін ұйымдар мен тұлғалар жүйеге еніп кетуі ықтимал", – деді Смирнова.

Депутаттың пікірінше, мұндай жағдай құндылықтардың бұзылуына, баланың дүниетанымының бұрмалануына, тіпті жекелеген жағдайларда манипуляцияға, психологиялық қысымға немесе қоғамға жат көзқарастарды таңуға алып келуі мүмкін. Сондықтан ол аккредитация жүйесін енгізіп, қосымша білім беру қызметін көрсетуге құқығы бар ұйымдардың арнайы тізілімін (реестрін) құру қажет деп санайды.

"Маңызды мәселенің бірі – білім беру бағдарламаларының мазмұны. 2017 жылдан бері қосымша білім беру әдістемесі мен оқу бағдарламалары жаңартылмаған. Соның салдарынан бағдарламалардың басым бөлігі қазіргі заман талаптарына жауап бермейді, заманауи технологиялар мен қажетті құзыреттерді қамтымайды. Қаржылық салымдар көлемі мен ұйымдар қызметінің ішкі мазмұны арасында айқын сәйкессіздік бар. Мысалы, Шымкент қаласындағы №2 Оқушылар сарайы: ғимарат құрылысына 8,4 млрд теңге жұмсалған, жыл сайынғы шығын 805 млн теңге, оның 85%-ы жалақыға кетеді. Бірақ соған қарамастан, сапалы әрі өзекті мазмұн жоқ, бұл қаржының тиімді пайдаланылмауына және инвестиция көлеміне сай келмеуіне әкеліп отыр. Сонымен қатар қосымша білім беру педагогтарының сапалық құрамы да төмен", – деп қосты депутат.

Ұлттық білім беру деректер базасының (ҰБДБ) мәліметіне сәйкес, республикада 25 687 штаттық қосымша білім беру педагогы жұмыс істейді. Алайда олардың кәсіби деңгейі елеулі алаңдаушылық туғызады. Біліктілік санаты бар педагогтардың жалпы саны 6631 адам, яғни бұл барлық мамандардың 25,8%-ын ғана құрайды.

Осыған байланысты Ирина Смирнова төмендегі шараларды қажет деп санайды:

  • қосымша білім беруді қаржыландыруды бірыңғай мемлекеттік тетік арқылы (мысалы, Оқу-ағарту министрлігі арқылы) орталықтандыру;
  • қосымша білім берудің мазмұны мен әдістемесін күшейтіп, бірыңғай сапа стандарттарын енгізу;
  • бюджет процестерін оңтайландырып, ваучер алу мен мемлекеттік бағдарламаларға қол жеткізудегі әкімшілік кедергілерді азайту;
  • қосымша білім беру педагогтарының сапалық құрамын арттыру және олардың еңбекақысын көтеру мүмкіндігін қарастыру.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың еліміздегі ішімдік сатылымына шектеу енгізуді талап еткенін жазғанбыз.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: