Депутат оқушыларды автокөлік ісіне үйретуді ұсынды
Фото: pexels
Ол өз сөзінде Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сүйенді. Аталған мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2,3 мыңнан астам адам қаза тауып, 49,2 мың адам түрлі жарақат алған.
Сонымен қатар, 100-ден астам азамат мүгедектер арбасына таңылып, өздігінен өмір сүру мүмкіндігінен айырылған. Олардың басым бөлігі тұрақты түрде өзгенің көмегіне мұқтаж.
Депутат әсіресе зардап шеккендердің қатарында балалар мен жастардың көп болуы ерекше алаңдатарлық жайт екенін атап өтті. Оның айтуынша, қайғылы салдарға әкелетін жол апаттарының басым бөлігі қалааралық автожолдарда орын алады. Статистикалық деректерді талдау соңғы 10 жылда елдегі жол-көлік оқиғалары санының тұрақты түрде өсіп келе жатқанын көрсетеді, бұл қоғам үшін елеулі қауіп төндіреді.
Наурыз Сайлаубайдың пікірінше, адам өмірін сақтап қалу және жол апаттарын барынша азайту үшін мемлекет, қоғам және әрбір азамат белсенді атсалысуы қажет. Ол осы бағытта оқушыларды автокөлік ісінің негіздеріне баулу да маңызды қадам болатынын атап өтті.
"Азаматтардың өмірін қорғау және жолдардағы қауіптердің алдын алу мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының біріне айналуы тиіс. Осы тұрғыда балаларды жол қозғалысы ережелеріне жай ғана "аман қалу" үшін емес, саналы әрі қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру мақсатында оқыту қажет. Жолдардағы қауіп пен өлім-жітім – тұрмыстық мәселе емес. Бұл – халықаралық тәжірибеге, ғылыми тәсілдерге және азаматтардың өз өмірі мен айналасындағылардың өмірі үшін жауапкершілігін тәрбиелеуге негізделген жүйелі мемлекеттік саясатты талап ететін күрделі мәселе", – деді Сайлаубай.
Жағдайды жақсарту үшін депутат бірқатар ұсыныс айтты.
Атап айтқанда:
- Қазақстандағы барлық жалпы білім беретін орта мектептерде оқушыларға арналған "Автокөлік ісі және жол қозғалысы қауіпсіздігі" атты факультативтік курс енгізу;
- әртүрлі цифрлық қосымшалар арқылы қалааралық такси қызметін көрсететін тұлғаларды анықтап, оларға тасымалдаушы лицензиясын беру, жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өтуін қамтамасыз ету. Сонымен қатар олардың еңбек және демалыс режимін сақтауын бақылап, қажет болған жағдайда жолаушыларды цифрлық агрегаторлар арқылы сақтандыру тетігін енгізу;
- жүргізуші куәлігін берумен айналысатын ұйымдардың қызметіне бақылауды күшейту және жол қозғалысы ережелерін оқыту барысында қоғамдық қауіпсіздік үшін аса маңызды жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруды басымдыққа айналдыру.
Бұған дейін жол-көлік оқиғаларын онлайн режимде рәсімдеу мүмкіндігі туралы жазылған болатын.