Тек тауықтың сан етін ғана қолданып келген: Атырауда балабақша үш ай бойы үнемдеу режимінде жұмыс істеген

Тек тауықтың сан етін ғана қолданып келген: Атырауда балабақша үш ай бойы үнемдеу режимінде жұмыс істеген, сурет - Zakon.kz жаңалық 05.02.2026 16:57 Сурет: Динара Канбетова
Атырауда мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін жекеменшік балабақшалардың бірінде балалардың тамақтануын ұйымдастыруға қатысты тексеру басталды. Онда үш ай бойы рационда тек тауықтың сан еті ғана берілген, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Оқиға 2023 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған "Ақжелкен" мектепке дейінгі мекемесінде орын алған. Балабақша 290 орынға арналған, қазіргі таңда барлық орын толық.

Мекеме меңгерушісі Анаргүл Амангелдінің айтуынша, балабақша ашылған сәттен бастап тамақтану – "SERPIN-2030" ЖШС бекіткен мәзір бойынша ұйымдастырылған. Алайда өткен жылдың қараша айынан 2026 жылғы қаңтарға дейін азық-түлік жеткізуші негізінен тауықтың сан етін ғана әкелген. Мұны ол ет өнімдерінің қымбаттауымен түсіндірген. Айта кету керек, ата-аналар бұл ретте мемлекеттік балабақшалармен бірдей – айына 17 мың теңге төлеп келген. Меңгерушінің сөзінше, 2026 жылғы 3 ақпаннан бастап балабақша қалалық білім бөлімінің бекіткен мәзіріне көшіп, рационға сиыр етінен дайындалған тағамдар қайта енгізілген.

Сурет: Динара Канбетова

Қалалық білім бөлімінде аталған дерек бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді. Ведомство басшысы Айнагүл Дүсекенованың айтуынша, тексеру қорытындысы бойынша жауапкершілік шаралары қабылданады. Тексеру барысында нақты берілген ас мәзірінің белгіленген талаптар мен тағам түрлерінің әртүрлілігіне сай келуі бағаланатын болады.

"№141 бұйрыққа сәйкес, барлық балабақшаларда тамақтану құнының нормативі 3 жасқа дейінгі балаға – 624 теңге, 5 жасқа дейінгі балаларға – 784 теңге болып белгіленген. Ал "SERPIN-2030" ЖШС-не қарасты тоғыз балабақшаға 2024 жылы мемлекеттік тапсырысты орындау үшін 1,44 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы қаңтардан 1 шілдеге дейін – 864 млн теңге, ал шілдеден желтоқсанға дейін қаржы ваучерлік жүйе арқылы Қаржы орталығы арқылы бағытталды", – деді Дүсекенова.

Сондай-ақ 2025 жылы бір балаға шаққандағы қаржыландыру көлемі қала бойынша айына 55 659 теңге, ал ауылдық жерлерде 62 027 теңге болғаны нақтыланды. Айта кетсек, "Ақжелкен" балабақшасы ауылдық аймаққа жатады. Қаржы көлемі нақты бала саны мен қолданыстағы нормативтерге сәйкес есептеледі.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: