Сайрандағы дәретханалар қашан іске қосылады – ресми түсіндірме
Сурет: Zakon.kz
2025 жылдың жазында Алматыда Сайран көлінің ауқымды реконструкциясы аяқталды. Жаңартылған аумақ бірден қала тұрғындары мен туристердің сүйікті демалыс орнына айналды. Алайда алматылықтардың көкейінде әлі де сұрақтар бар, деп хабарлайды Zakon.kz.
2026 жылғы 4 ақпанда Threads желісінде қоғамдық дәретханалардың жұмысына қатысты жазба жарияланды.
"Сайран. Қоғамдық дәретханалар тұр. Бәрі талапқа сай жасалған сияқты, бірақ неге олар жабық? Бұл бір экспонат па? Сыртынан қарап тамсану үшін бе? Әлде ішінде дәретхана жоқ, тек көзбояушылық па? Мәселе неде? Түсінбеймін", – деп жазған әйел.
Пікір қалдырушылар да қала бойынша жабық дәретханалар жиі кездесетінін қынжыла атап өткен.
Zakon.kz тілшісі ресми түсінік алу үшін Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасына сауал жолдады.
Редакцияға Сайран көлі аумағындағы санитарлық тораптардың модульдік ғимараттарының құрылысы толық аяқталғаны хабарланған.
"2025 жылғы желтоқсанда нысан пайдалануға қабылданып, қазір жаңадан құрылған "Жасыл Алматы" КММ қарауына қызмет көрсетуге беріліп жатыр", – деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ мамандардың мәліметінше, қазіргі уақытта инженерлік коммуникациялардың техникалық жағдайы тексеріліп жатыр. Оның ішінде су бұру жүйелері, санитарлық-техникалық жабдықтар қаралып, сондай-ақ пайдалануға беру алдындағы қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде.
"15 ақпаннан бастап санитарлық тораптар штаттық режимде жұмыс істеп, жалпы пайдалануға қолжетімді болады", – делінген әкімдік хабарламасында.
Ведомство қосымша түсінік те берген.
"Бұл нысандар жаз мезгілінде салынып, қабылданғанымен, бұрын пайдаланылмаған. Осыған байланысты олардың қауіпсіз әрі дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жоспарлы визуалды және техникалық тексеріс жүргізіліп жатыр", – делінген ресми хабарламада.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript