Алматы автобустарында жолақы төлеудің жаңа жүйесі: жолаушылар нені білуі керек
Сурет: Telegram/AlmatyJoly
AlmatyJoly мекемесінің 2026 жылғы 10 ақпандағы мәліметінше, Avtobys – еліміздің басқа қалаларында қолданыста бар заманауи цифрлық шешім.
Жүйені пайдалану үшін Google Play немесе App Store платформаларынан Avtobys қосымшасын жүктеп, телефон нөмірі арқылы тіркеліп, смарт-әмиянды толтыру қажет.
Жолақыны төлеу тәсілдері
Жаңа жүйе жолаушыларға жолақыны өзіне ыңғайлы әдіспен төлеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, төлем мына жолдармен жүзеге асырылады:
- банк картасы арқылы;
- көлік картасы арқылы;
- Apple Pay, Samsung Pay және Google Pay қызметтері арқылы;
- Avtobys мобильді қосымшасы арқылы (QR-код, NFC, Bluetooth);
- банктер мен ұялы байланыс операторларының қосымшалары арқылы;
- көлік нөмірі арқылы.
Жолақыны төлеу қолма-қол ақшасыз әрі қосымша әрекеттерсіз жүзеге асырылатыны атап өтілді.
Жеңілдік санатындағы жолаушылар үшін
Сондай-ақ жаңа жүйенің қосымшасы арқылы кеңселерге бармай-ақ және қағаз құжатсыз жеңілдетілген тарифтерді рәсімдеуге болатыны хабарланды.
Жолаушыларға пайдасы
Avtobys жүйесі жолаушыларға мына мүмкіндіктерді береді:
- қоғамдық көліктің қозғалысын онлайн бақылау;
- келу уақытын болжау;
- маршруттарды алдын ала жоспарлау.
Қалаға пайдасы
Цифрлық жүйе мыналарға мүмкіндік береді:
- нақты жасалған сапарларды есепке алу;
- билетсіз жүруді азайту;
- маршруттарды дәлірек жоспарлау;
- деректерге сүйене отырып шешім қабылдау.
Ашық есеп жүргізу қоғамдық көлікті субсидиялаудың әділ моделін қалыптастыруға көмектеседі.
Жүйені енгізу қалай жүргізіледі
Алматыда жаңа жүйені енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асады: алдымен Avtobys кейбір маршруттарда іске қосылады, кейін біртіндеп бүкіл қалалық қоғамдық көлікке енгізіледі. Бұл жолаушыларға күрт өзгерістер әкелмейді.
Алматыда жолақыны төлеудің бірыңғай цифрлық жүйесі — Avtobys жүйесін кезең-кезеңімен енгізу басталғаны 2026 жылғы 7 ақпанда жарияланды.