Алматыда жұп және тақ күндері көлік қозғалысына шектеу енгізіле ме
Фото: Zakon.kz
Министрлік таратқан баспасөз хабарламасына сәйкес, әкімдіктер мен аумақтық экология департаменттерінің қатысуымен өткен кеңесте Алматы және Өскемен қалалары әкімдіктерінің баяндамалары тыңдалған. Атап айтқанда, Алматы қаласы әкімдігі әзірлеген атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының жобасы таныстырылған.
Министрлік Бейжің қаласының оң тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 206-бабына сәйкес әкімдіктерге 2026–2028 жылдарға арналған атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын әзірлеуді тапсырған. Қағидаларда мыналар көзделуі тиіс:
- жеке секторды газдандыру, субсидиялау және ынталандыру шараларын қарастыру;
- қоғамдық тамақтану орындары мен шағын қазандықтарда қатты отынды пайдалануға тыйым салу;
- нысандарды орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қосуды ынталандыру;
- қоғамдық көлік пен таксилерді электр және газ отынына көшіру;
- ҚМЖ кезеңінде "жұп-тақ күн" жүйесі бойынша қозғалысты шектеу және экологиялық аймақтарға бөлу;
- өнеркәсіптік аймақтар маңында жасыл белдеулер құру.
"Жұп-тақ күн" жүйесіне қатысты тармақ қазақстандықтардың ерекше назарын аударды. Осыған байланысты редакция Алматыда мұндай жүйе енгізіле ме деген сауал жолдаған.
Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, қалада атмосфералық ауаны қорғау қағидалары 2025 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған. Құжатта ҚМЖ кезеңінде көлік қозғалысын жұп және тақ күндер бойынша шектеу қарастырылмаған. Сонымен қатар, басқарманың хабарлауынша, қазіргі уақытта мұндай өзгерістер енгізу мәселесі қаралып жатқан жоқ.
Ведомство өкілдері Алматы елімізде атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын алғаш болып әзірлеген қала екенін атап өтті. Оның тәжірибесі негізінде басқа қалаларға да тиісті құжаттарды әзірлеу тапсырылған.
Айта кетейік, аталған қағидаларға сәйкес Алматыда ластаушы заттардың шығарындылары төмен аймақ құру жоспарланған.