Қазақстан азаматтарының Корей елінен ерікті түрде шығу бағдарламасы ақпан айының соңына дейін жалғасады
Сурет: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Бағдарлама 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап іске қосылған.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заңсыз көші-қонды азайту және азаматтарымыздың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Корея Республикасының Әділет министрлігімен жүргізген келіссөздер барысында ерікті шығу бағдарламасының уақытын ұзартуға келісті.
Аталған шаралар құқықтық салдарды жеңілдетуге және өз мәртебесін реттеуге дайын азаматтарды қолдауға бағытталған. Бағдарлама мәжбүрлі түрде депортациялауға жататын қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға, сондай-ақ 2025 жылдың 1 желтоқсанынан кейін заңсыз мәртебеге ие болған шетелдіктерге қолданылмайды.
Бағдарламаға қатысу үшін паспорт, ерікті шығу туралы өтініш және әуе билеті қажет. Алдын ала хабарландыру ұшу күніне 15-тен 3 күн қалғанға дейінгі аралықта Корея Республикасының көші-қон қызметтері арқылы берілуі тиіс.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан азаматтарына заңсыз миграция, елден шығарылу, айыппұлдар, құқықтардың шектелуі және еңбек дағдарыстарының алдын алу үшін шетелде тек заңды негізде еңбек етуге кеңес береді.
Тек ресми және тексерілген еңбек ету арналары – лицензияланған жұмыспен қамтитын жекеше агенттіктер, мемлекеттік бағдарламалар және жұмыс берушілердің ресми ұсыныстарын пайдалану қажет.
ЕХӘҚМ шетелде еңбек ететін Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді.