Қарағандылық 18 жастағы спортшы жекпе-жек турнирінен кейін жансақтау бөліміне түсті
Сурет: pexels
Спортшының жақындарының айтуынша, белдесу барысында қарсыласы заңсыз, басымен төмен тастайтын тәсілді қолданған. Дегенмен, жекпе-жек тоқтатылмай жалғасын тапқан. Кейіннен жас спортшының жағдайы күрт нашарлап, ол есінен танып, басын ұстай бастаған. Алаңнан оны дереу медициналық мекемеге жеткізген, деп хабарлады Kazinform.
Туыстарының сөзінше, жарақат тыйым салынған тәсіл қолдану салдарынан алынған болуы мүмкін. Сонымен қатар олар ұйымдастырушылық кемшіліктерге наразылық білдірді: алаңда тек бір ғана медициналық қызметкер болған, қажетті реанимациялық құрал-жабдықтар жеткіліксіз, арнайы жедел жәрдем бригадасы кезекшілік етпеген. Спортшыны тасымалдау кезінде омыртқасы дұрыс бекітілмеген, ал отбасы оқиғаны турнир ұйымдастырушыларынан емес, спортшының достарынан естіген.
Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы спортшының жағдайын ауыр деп бағалады.
"Науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр", — делінген ведомство хабарламасында.
Қарағанды облысы полиция департаменті тергеудің басталғанын растады.
"Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 114-бабы бойынша алдын ала тергеу жүргізіліп, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты әрі объективті анықталып жатыр", — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қарағанды облысының Жекпе-жек федерациясы да пікір білдіріп, турнирге қатысты барлық материал — бейнежазбалар мен құжаттар тергеу органдарына берілгенін хабарлады. Федерация президенті Әділет Нұрмадиев спортшының өміріне қауіп жоқ екенін айтып, оның жағдайының тұрақты екенін және барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді.
Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы да жағдайды бақылауда ұстап, өз тарапынан тексеру жұмыстарын жүргізетінін хабарлады.