Алматыда алғаш рет кәмелетке толмаған науқасқа жамбас-сан буынын толық алмастыру отасы жасалды
Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Науқас 13 жасында жол-көлік оқиғасы салдарынан жамбас сүйегінен, оң жақ санынан және тізе буынынан ауыр жарақат алған. Көпжылдық емдеу мен оңалту шараларына қарамастан, жамбас-сан буынының тірек-қимыл қызметін толық қалпына келтіру мүмкін болмаған. Қыз бала біреудің көмегімен қозғалып, оң аяғынан ақсап жүрген. Қойылған диагноз — сан сүйегі басының асептикалық некрозы, яғни сан мойны сынуының асқынуы — жамбас сүйегінің қисаюына, омыртқа жотасының деформациясына және тұрақты ауырсыну синдромына әкелу қаупін тудырған.
Үш жыл бойы стационарлық ем үй жағдайындағы оңалтумен алмасып отырды: дәрігерлер зақымданған аяқ-қолды кезең-кезеңімен қалпына келтіріп, ағзаның қалпына келуіне мүмкіндік беретін үзілістер жасап, кейін емдеудің келесі кезеңіне көшкен.
"Науқас небәрі 17 жаста болғандықтан, біз үшін бұл оңай шешім болған жоқ. Алайда жамбас-сан буынын толық эндопротездеуден басқа балама болған жоқ", — деді Орталықтың травматология бөлімінің меңгерушісі Бақыт Қожаханов.
100 минутқа созылған ота 2026 жылы 7 ақпанда сәтті өтті. Ота алдында басқа емханалардың мамандары қатысқан бірнеше консилиум ұйымдастырылып, Астана қаласындағы әріптестердің тәжірибесі зерделенді. Операциялық топ құрамында: Бақыт Қожахметов, Дархан Сүкбаев, Болат Ермекұлы, ал анестезиолог — Таңжарық Бидайбай болды.
Отадан кейін екі апта ішінде қыз бала хирургтердің бақылауымен бастапқы оңалту кезеңінен өтті. Жасөспірімнің анасының айтуынша, қызының жағдайы айтарлықтай жақсарған: "Аяқтарының ұзындығы теңестірілді, қызым өздігінен жүре бастады, қазір қалпына келу үдерісін жалғастырып жатыр. Қазір үйдеміз, алда әрі қарайғы оңалту кезеңі бар".