Жамбыл облысында заңсыз қайта жабдықталған автобус анықталды
Сурет: polisia.kz
Полицияның мәліметінше, Мерке – Шу – Бурылбайтал автожолында полиция қызметкерлері Van Hool автобусын тоқтатты. Тексеру барысында көлік құралының барлық орындықтары алынып тасталып, олардың орнына толықтай жатын орындар орнатылғаны белгілі болды. Мұндай өзгерістер тиісті рұқсатсыз жасалған.
Мамандардың айтуынша, көлік құралдарының құрылымына заңсыз өзгерістер енгізу жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда жолаушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Осыған байланысты жүргізуші көлік құралын заңсыз қайта жабдықтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткізілген үш күндік рейд барысында полиция қызметкерлері 457 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда:
- Мас күйінде көлік басқарған 3 жүргізуші жауапкершілікке тартылды;
- Техникалық ақауы бар автобустарды желіге шығарудың 11 дерегі анықталды;
- Тиісті рұқсат құжаттарынсыз жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 14 дерегі тоқтатылды;
- Заңсыз такси қызметін ұсынудың 26 дерегі тіркелді;
- Жолаушылар мен жүк тасымалдау қағидаларын бұзудың 4 дерегі анықталды.