Жамбыл облысында коммуналдық нысан 30 миллионның орнына 270 мыңға сатылды
Талас ауданының прокуратурасы жылжымайтын коммуналдық мүлікті заңсыз сату фактісін анықтады.
2008 жылы "Игілік" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшылығы конкурс ұйымдастырмай осы мекеменің өндірістік базасын тікелей үшінші тұлғаларға 270 мың теңгеге сатты. Бұл ретте базаның бағалау құны 30 млн теңгені құраған.
2022 жылы заңсыз меншік иесі несие алу үшін мүлікті микрокредиттік ұйымға кепілге қойған.
Осы факт бойынша 18.10.2023 жылы Талас ауданының прокуратурасы ҚК 362-бабының 4-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану) бойынша кәсіпорынның бұрынғы басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қылмыстық іс ескіру мерзімі өтуіне орай тоқтатылды.
Сонымен қатар прокурорлық қадағалау актісі негізінде Жамбыл облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 22.02.2024 жылғы шешімімен әкімдіктің сатып алу-сату шарттары мен кепілді жарамсыз деп тану туралы талап-арызы қанағаттандырылды.
22.05.2024 жылы апелляциялық саты бірінші сатының шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Сот актісі заңды күшіне енді, мүлік мемлекетке толығымен қайтарылды.