Алматы тау кластерінің туризмін дамыту жоспары 2029 жылға дейін бекітілді

Чимбулак, Шымбулак, высокогорное урочище, горы, снег, холод, высокогорный спортивный комплекс, горный курорт, катания на Шымбулаке, катания на Чимбулаке, сурет - Zakon.kz жаңалық 03.03.2026 09:16 Фото: pexels
Үкіметтің 2025 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен 2025–2029 жылдарға арналған Алматы тау кластерінің туризмін дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжатта Алматы агломерациясы Қазақстандағы ең ірі туристік орталық әрі елдің халықаралық туристік имиджін қалыптастыратын негізгі нүктелердің бірі екені атап өтілген.

Өңірге жалпы туристік ағынның шамамен төрттен бірі, соның ішінде шетелдік туристердің жартысына жуығы тиесілі. Ал Алматы тау кластері халықаралық туристік нарықта Қазақстанның басты танымал орындарының бірі саналады.

Таулы туристік инфрақұрылымның жай-күйі мен даму деңгейі еліміздің заманауи, қауіпсіз және бәсекеге қабілетті туристік бағыт ретіндегі қабылдануына тікелей әсер етеді.

Алайда туристік жүктеме ең жоғары кезеңдерде Алматы тау кластерінің нысандары жобалық қуатынан асып жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде аспалы жолдар мен тау шаңғысы трассаларының шамадан тыс жүктелуіне, туристік қызмет сапасының төмендеуіне, келушілер қауіпсіздігі тәуекелдерінің артуына және теріс пайдаланушылық тәжірибенің қалыптасуына әкеледі.

Кешенді әрі теңгерімді даму мақсатында Түргеннен Қаскелеңге дейінгі шығыс және батыс бағыттағы тау локацияларын бірыңғай тау кешеніне біріктіру ұсынылады. Осылайша бірыңғай шаңғы тебу аймағы қалыптастырылып, инфрақұрылымды кеңейтуге, туристік ағынды тең бөлуді қамтамасыз етуге, жекелеген курорттарға түсетін жүктемені азайтуға және табиғи тепе-теңдік пен тау ландшафтының тұтастығын сақтауға мүмкіндік туады.

Ұзақ мерзімді даму аясында Кімасар, Бутаков және Қотырбұлақ шатқалдары арқылы "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортын, "Oi-Qaragai Lesnaya Skazka" тау курорт-қонақүйін және "Pioneer" тау-сауықтыру кешенін біріктіретін бірыңғай тау шаңғысы және туристік кеңістік қалыптастыру жоспарланып отыр.

Құжатта аспалы жолдар санын шамамен 16-дан 40–45-ке дейін арттыру, шаңғы тебу трассаларының ұзындығын 41 шақырымнан шамамен 112–162 шақырымға дейін ұлғайту, сондай-ақ тау кластерінің өткізу қабілетін бірнеше есеге көбейту – тәулігіне 6 мың адамнан 24 мың және одан да көп адамға дейін жеткізу көзделген.

Жоспар аясында мыналар қарастырылған:

  • Алматы тау кластерінің Орталық аймағында аспалы жолдар мен шаңғы трассаларын салу (Нұрсұлтан шыңы, "Сухой лог" алқабы, Кімасар шатқалы, Бутаков шатқалы – Кімасар шатқалы бағыты, "Oi-Qaragai Lesnaya Skazka" тау курорт-қонақүйі мен "Pioneer" тау-сауықтыру кешені, "Pioneer" кешені – Бутаков шатқалы бағыты);
  • Нұрсұлтан шыңында және "Сухой лог" алқабында коммерциялық инфрақұрылым (қоғамдық тамақтану нысандары) салу;
  • Кімасар және Бутаков шатқалдарында, сондай-ақ "Pioneer" тау-сауықтыру кешенінде коммерциялық инфрақұрылым (қоғамдық тамақтану орындары, жалға беру пункттері, оқу мектебі, орналастыру орындары) салу;
  • Медеу – Шымбұлақ тау ауылын салу;
  • Қаскелең шатқалын дамыту мастер-жоспарының тұжырымдамасын, сондай-ақ Түрген шатқалындағы төрт маусымдық курорт тұжырымдамасын әзірлеу;
  • тау шаңғысы курорттарындағы су бұру желілерін реконструкциялау және су құбыры желілерін кеңейту;
  • Алматы тау кластерінің Орталық аймағын газбен жабдықтау жүйелерін салу ("Шымбұлақ" тау шаңғысы курорты, Кімасар шатқалы, Бутаков шатқалы, "Pioneer" тау-сауықтыру кешені және "Oi-Qaragai Lesnaya Skazka" тау курорт-қонақүйі);
  • Левый Талғар өзенінен "Oi-Qaragai – Ақтас" тау курортына дейін беткейлерді жасанды қармен жабуға арналған су құбыры желісін салу;
  • тау шаңғысы курорттарында электр беру желілері мен қосалқы станциялар салу;
  • талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту;
  • Абай алаңындағы автотұрақтан "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортына және Алматы – "Космостанция" бағыты бойынша электр автобустарын іске қосу;
  • "Медеу" биік таулы мұз айдынынан Тұйықсу алқабына дейінгі автожолды күрделі жөндеу;
  • "Медеу" мұз айдынынан Кімасар шатқалына дейінгі автожолды реконструкциялау және салу;
  • Қаныш Сәтбаев көшесі (Байтұрсынов көшесі қиылысы) мен Аюсай шатқалындағы визит-орталық арасында автобус қатынасын іске қосу;
  • курорттардың автотұрақ аймақтарында электр көліктеріне арналған қуаттау станцияларын орнату;
  • Кімасар шатқалында 32 нөмірлік қонақүй кешенін салу;
  • Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы Кіші Алматы шатқалында 15 глэмпинг салу;
  • "Ski & Spa Resort" туристік базасын (81 нөмір, 5 қонақ коттеджі және 15 заманауи қонақ үйі), Бутаков шатқалындағы "Tau Hub" визит-орталығын, "Medeu Park Hotel" қонақүй кешенін, "Просвещенец" рекреациялық кешені мен визит-орталығын салу;
  • таулы аймақтардағы табиғи бұлақтарды абаттандыру;
  • күн панельдері негізіндегі автономды энергиямен қамтылған жалпыға қолжетімді кемпинг аймақтарын құру (жыл сайын 3 кемпинг аймағы);
  • "Almaty City App" қалалық мобильді қосымшасын іске қосу;
  • тау маршруттарын картографиялық және туристік платформаларда (2GIS, Яндекс Карталар және т.б.) цифрландыру;
  • Алматы қаласы мен Алматы тау кластерінің туристік маршруттарына арналған аудиогид әзірлеу (жыл сайын 10 маршрут);
  • гидтерді оқыту және/немесе біліктілігін арттыру курстарын өткізу;
  • аспалы жол инженерлері мен тау шаңғысы курорттарының қызмет көрсету персоналына арналған оқыту және/немесе біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру және т.б.

    Күтілетін нәтижелер:
  • шетелдік туристер санын жылына 986,3 мың адамнан 1,7 млн адамға дейін арттыру;
  • туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 91,8 мың адамнан 101,8 мың адамға дейін көбейту;
  • жеке инвестициялар көлемін 238,9 млрд теңгеге жеткізу;
  • салық түсімдерін жылына 91,5 млрд теңгеден 117,3 млрд теңгеге дейін ұлғайту.

Қаулы 2025 жылғы 27 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: