Өскемендегі қару-жарақ дүкендері полицияның жедел басқару орталығына қосылады
Фото: unsplash
Жиынның басты тақырыбы — нысандардағы бейнебақылау жүйелерін кезең-кезеңімен ШҚО ПД Жедел басқару орталығына (ЖБО) қосу мәселесі болды.
Қатысушылар сыртқы және ішкі бақылау камераларын бірыңғай мониторинг жүйесіне интеграциялау үшін қажетті техникалық шешімдерді, өзара іс-қимыл алгоритмдерін және ұйымдастырушылық мәселелерді талқылады.
Қару-жарақ дүкендері мен қаруды орталықтандырылған сақтау пункттері террористік тұрғыдан осал нысандар тізбесіне енгізілгені атап өтілді. Бейнебақылау желісін ЖБО-ға беру іргелес аумақ пен нысан ішіндегі жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға, ал штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде полиция жасақтарының іс-қимылын жедел үйлестіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта облыс орталығында азаматтық және қызметтік қару сататын үш мамандандырылған дүкен және үш орталықтандырылған сақтау пункті жұмыс істейді.
Сауда нысандарының бір бөлігі ЖБО жүйесіне интеграцияланған, қалғандары кезең-кезеңімен қосылатын болады. ШҚО Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков полиция мен бизнес арасындағы бірлескен жұмыстың маңызына тоқталды.
"Бұл жерде әңгіме тек қауіпсіздік шаралары туралы болып отыр. Камераларды Жедел басқару орталығына қосу кез келген қатерге жедел әрекет етуге және ықтимал тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте ішкі қызметке және коммерциялық процестерге ешқандай араласу болмайды. Біздің ортақ міндетіміз — азаматтардың, нысан қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірдегі тұрақтылықты сақтау, — деді ол.
Бейнебақылау жүйелерін қосу жұмыстары нысан иелерімен және басшыларымен өзара іс-қимыл жасай отырып, жоспарлы түрде жалғасады.