Алматыда қалың қарға байланысты коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Негізгі міндет – көктайғақтың пайда болуына жол бермеу және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бүгін жұмысқа 75 жедел бригада, 2710 жол саласы жұмысшысы және 1225 техника тартылған. 200-ден астам жол тазалайтын техника жолға көктайғаққа қарсы арнайы материалдар сеуіп жатыр. Себу жұмыстары біткен соң техника 28 бригадаға бөлініп, көшелерді тазалау жұмыстарына кіріседі.
Қалалық қызметтердің мәліметінше, қазірдің өзінде шамамен 3-4 см қар жауған. Қазіргі уақытта жолдарға үшінші рет құм-тұз қоспасы себіліп жатыр. Бұл шаралар көктайғақтың алдын алуға мүмкіндік береді. Синоптиктердің болжамынша, таңертең ауа температурасы −5 градусқа дейін төмендейді.
Қала тұрғындарына барынша сақ болу ескертіледі: жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, арақашықтық сақтауға, ал жүргіншілерге тротуарларда абай болуға кеңес беріледі.