Өзім де Мемлекет басшысы ретінде жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалыстым – Тоқаев

Касым-Жомарт Токаев, президент Республики Казахстан, президент РК, глава государства , сурет - Zakon.kz жаңалық 12.03.2026 14:34 Фото: akorda.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасында Тәуелсіздік, егемендік және аумақтық тұтастықты қорғау басты қағидаттар ретінде айқын көрсетілгенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл ережелерді қайта қарауға немесе басқаша түсіндіруге болмайды, яғни олар өзгеріссіз қалады.

Президенттің сөзінше, жаңа Ата заң жобасында ұлттық валютаның мәртебесі де нақты белгіленген. Бұл норма еліміздің қаржылық дербестігін құқықтық тұрғыдан қорғауға бағытталған.

Тоқаевтың айтуынша, төл валютаның Елтаңба, Ту және Әнұранмен қатар аталуы – егемендікті нығайтудың маңызды белгісі.

Сонымен қатар Конституция жобасында Қазақстан халқы биліктің бастауы және егемендіктің иесі екені жаңа норма ретінде нақты бекітілген. Президент бұл өзгеріс мемлекеттіліктің негізін нығайта түсетінін атап өтті. Оның айтуынша, геосаяси жағдай күрделеніп, әлемде тұрақсыздық күшейген кезеңде мұндай қағидаттардың маңызы ерекше.

Тоқаев жаңа Конституция тек мәтін тұрғысынан ғана емес, мазмұны мен мәні жағынан да өзгергенін айтты. Құжатта қазақ халқының сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрлері, ұлттық құндылықтары мен стратегиялық мақсаттары нақты көрсетілген.

Президент сондай-ақ жаңа Конституция жобасын әзірлеу процесіне өзі де тікелей қатысқанын жеткізді.

"Мен оның әр тарауына, әр бабына ерекше мән бердім. Әрбір сөздің мағынасына үңіліп, өз ұсыныстарымды Конституциялық комиссияға жолдадым", – деді ол.

Мемлекет басшысы құжаттағы терминдердің қазақы ұғымға барынша жақын болуына ерекше назар аударылғанын айтты. Мысалы, қазіргі Конституцияда қолданылатын "Қазақстан аумағының тұтастығы" деген ұғымды "жердің тұтастығы" деп өзгерту жөнінде ұсыныс болған. Президенттің пікірінше, жер – қазақ халқы үшін ерекше қасиетті ұғым, себебі ата-бабаларымыз әрбір қарыс жерді қорғау үшін жанын құрбан еткен.

Дегенмен халықаралық құқықта орныққан терминологияға байланысты Конституциялық комиссия мүшелерінің басым бөлігі "аумақтық тұтастық" ұғымын өзгеріссіз қалдыруды жөн көрген.

Тоқаев бұл мысалды жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында әрбір норма бойынша қызу пікірталастар болғанын көрсету үшін келтіргенін айтты.

Президент қазақтың "Келісіп пішкен тон келте болмас" деген нақылын еске алып, бұл үдеріске қоғамның да белсенді қатысқанын атап өтті. Азаматтардан мыңдаған ұсыныс келіп түсіп, олардың барлығы мұқият зерттеліп, сараптамадан өткен.

Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасы жан-жақты талқыланып, терең зерделенгенін айтып, оны "нағыз Халық Конституциясы" деп атауға толық негіз бар екенін айтты.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: