Солтүстік Аралды құтқарудың жаңа кезеңі: Қазақстан қандай жоспар ұсынды
Сурет: Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі
Ведомствоның 2026 жылғы 13 наурызда жариялаған мәлімдемесіне сәйкес, жобада Солтүстік Аралдағы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру үшін Көкарал бөгетін реконструкциялау көзделген. Нәтижесінде су айдынының аумағын 3 913 шаршы шақырымға дейін, ал су көлемін 34 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар министрлік Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Арал-Сырдария бассейнінің ирригация жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру бойынша 160-тан астам жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстар суды тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, үнемделген су көлемін Солтүстік Аралға бағыттауға жағдай жасайды.
Қазіргі уақытта жоба ҚР Премьер-министрінің төрағалығымен жұмыс істейтін Халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс жөніндегі үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылуда.
Еске салайық, соңғы үш жылда Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимін келісу және мемлекетаралық келісімдерді қатаң сақтау нәтижесінде Солтүстік Арал теңізіне 6 млрд текше метрден астам су келді. Соның нәтижесінде теңіздегі су көлемі 2022 жылдың соңындағы 18,9 млрд текше метрден 2025 жылдың соңына қарай 23 млрд текше метрге дейін артты.
"Мемлекет басшысы Солтүстік Арал теңізін сақтау мәселесінің маңызын бірнеше рет атап өтті. Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Орталық Азия елдері үшін Солтүстік Аралды сақтау және қалпына келтіру – тек экологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік әрі стратегиялық міндет", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Су ресурстары министрлігінің мәліметінше, жобаны іске асыру мерзімі 2026–2029 жылдарға жоспарланған.
Бұған дейін Қазақстан даласында Сәтбаев атындағы каналдың не үшін салынғаны және оны жаңғырту жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны туралы да айтылған болатын.