Жетісу облысында 23 млн теңгеден астам сомаға пәтер ұрлығын жасаған топ ұсталды
Сурет: polisia.kz
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 29 және 35 жастағы екі ер адам ұсталды. Олар бірқатар пәтер ұрлықтарын жасады деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың желтоқсан айынан 2026 жылдың 19 наурызына дейін облыс аумағында 13 қылмыс жасаған.
Қылмыстық әрекеттердің географиясы бірнеше ауданды қамтыған:
- Ескелді ауданы — 6 дерек;
- Көксу ауданы — 2 дерек;
- Алакөл ауданы — 3 дерек;
- Ақсу ауданы — 2 дерек.
Барлық жағдайда күдіктілер бір тәсілді қолданған — тұрғын үйлерге пластикалық терезелерді күшпен ашу арқылы кіріп, үй иелері жоқ уақытты таңдаған. Келтірілген жалпы шығын шамамен 23 млн теңгені құрады.
Ұстау кезінде күдіктілерден айғақ заттар – ұрланған алтын бұйымдар тәркіленді.
"Бөтеннің мүлкіне қол сұғу арқылы пайда табуға тырысқан әрбір әрекет міндетті түрде жауапкершілікке әкеледі. Біз қылмыстық схемаларды жүйелі түрде анықтап, әр істі соңына дейін жеткіземіз. Азаматтардың қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. Мұндай қылмыстар жазасыз қалмайды, – деп атап өтті Жетісу облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Дәурен Қадырұлы.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың өзге де ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.