Қостанай облысында полицей есінен танған қызды аман алып қалды
Сурет: polisia.kz
Рейдтік іс-шаралар барысында Рудный қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторы, полицияның аға лейтенанты Мерей Сахиевке тұрғылықты мекенжайды тексеру туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген қызметкер пәтер ішінде ес-түссіз жатқан қызды анықтаған.
"Қызда құрысу белгілері байқалды, тыныс алуы қиындап, тұншығу қаупі болды. Жағдайы ауыр деп бағаланды: терісі бозарып, тынысы үзік-үзік болды", – деп еске алды полицей.
Оқиға орнында қыздың анасы болғанымен, абдырап қалып, өздігінен көмек көрсете алмаған.
Жағдайдың ауырлығын бірден бағалаған полиция қызметкері жедел жәрдем шақыртып, дереу алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетуге кіріскен.
"Қызды қауіпсіз қалыпқа жатқыздым, таза ауа кіруін қамтамасыз еттім, мойны мен кеуде тұсын қысып тұрған киімдерін босаттым. Жедел жәрдем келгенге дейін тұншығудың алдын алу үшін тынысы мен қалпын бақылауда ұстадым", – деді ол.
Оқиға орнына жеткен жедел медициналық жәрдем бригадасы қызды шұғыл түрде ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдады. Полиция қызметкерлері оны жедел жәрдем көлігіне жеткізуге көмектесіп, кейін Рудный қалалық ауруханасына жеткізілді.
Дәрігерлердің мәліметінше, біраз уақыттан кейін қыз есін жиып, қазіргі таңда дәрігерлердің бақылауында.
Құтқарылған қыз полиция қызметкеріне шынайы алғысын білдірді.
"Мен есімнен танып қалдым. Қызметкерлердің бірі маған көмектесіп, іс жүзінде өмірімді сақтап қалды. Егер ол болмағанда, бәлкім тірі болмас едім. Осындай жандарға алғысым шексіз. Кездескен жағдайда міндетті түрде жеке алғысымды жеткізгім келеді", – деді ол.