17 сәуірде ел бойынша дауыл, жаңбыр және жел күшейеді
Фото: unsplash
"Қазгидромет" РМК метеорологтарының мәліметінше, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады.
Елдің көп өңірінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста жауын-шашын мол түседі.
Сонымен қатар, солтүстік-шығыс, шығыс, орталық өңірлерде және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын болжанады. Кей жерлерде көктайғақ, бұршақ және екпінді жел болуы мүмкін.
Сондай-ақ республика бойынша тұман түсіп, жел күшеюі ықтимал, ал оңтүстікте шаңды дауыл күтіледі.
"Түркістан облысының тау асуларында, Жамбыл облысының оңтүстік-батысында және таулы өңірлерінде, сондай-ақ Алматы облысының оңтүстігі мен шығысында желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін және одан да жоғары күшеюі мүмкін", – делінген "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мамандардың мәліметінше, Түркістан облысының батысы мен солтүстігінде, Жамбыл облысының батысы мен оңтүстік-шығысында, сондай-ақ Алматы облысының солтүстігі, батысы және орталығында және Абай облысының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.