Депутат дәрі-дәрмек бағасын реттеу жүйесін өзгертуді ұсынды
Сурет: freepik
Депутаттың айтуынша, дәрі-дәрмек – жай ғана тауар емес, ол адамдардың денсаулығы мен өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік маңызы бар өнім.
"Бұл саладағы кез келген қателік бірден халыққа әсер етеді. Қазіргі таңда бұл мәселе нақты препараттарға шекті баға белгілеу арқылы реттеліп келеді. Алайда іс жүзінде бұл тәсіл өз мақсатына жете алмай отыр. Қазір не болып жатыр? Мемлекет түпкілікті бағаны бекітеді, ал негізгі үстеме баға жеткізу тізбегінің ішінде, ең алдымен көтерме сауда деңгейінде қалыптасады", – деді ол.
Ажар Сағандықованың сөзінше, шекті бағаларды реттеудің қазіргі жүйесі іс жүзінде дәрі-дәрмек тапшылығына алып келуде. Сонымен қатар, бағаның қалай қалыптасатыны халыққа түсініксіз күйінде қалып отыр.
"Халық қарапайым әрі ауыр жағдайға тап болуда: дәрі-дәрмек не жоқ, не бағасы көңілден шықпайды. Тапшылық пен бағадағы теңсіздік азаматтарды заңсыз айналымнан дәрі сатып алуға итермелейді, ал ондай жағдайда олардың сапасы мен қауіпсіздігіне ешқандай кепілдік жоқ", – деді депутат.
Осыған байланысты депутат дәрі-дәрмек бағасын реттеудің жаңа моделіне көшуді ұсынды. Атап айтқанда, препараттардың шекті бағасын белгілеудің орнына, өндіруші бағасынан есептелетін көтерме саудадағы шекті үстеме бағаларды белгілеуді, сондай-ақ дәрі-дәрмектердің құны мен әлеуметтік маңыздылығына қарай үстеме бағаларды саралауды көздейтін нормативтік-құқықтық актілер қабылдау қажет екенін айтты.
Бұған дейін Қазақстанда 300 мыңнан астам бала алиментке мұқтаж екенін жазғанбыз.