Әскери борышын өтеген мыңнан аса қазақстандық грант иегері атанды
Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі
Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, Парламент Сенатының депутаттары, әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, елордалық мектептер мен колледждердің оқушылары қатысты.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков запастағы әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарында білім алуға арналған сертификаттарды тапсырды.
"Бұл сертификат – сендердің адал қызметтеріңнің лайықты жемісі. Осы мүмкіндікті алда сенімді өсіп-өркендеу үшін пайдалана біліңдер", – деді министрдің орынбасары грант иегерлеріне арнаған сөзінде.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі
Салтанатты рәсім барысында әскери қызметшілерді Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев құттықтады.
"Сендер армия мектебінде шыңдалып, жаңа бастамаларға жол аштыңдар. Бұл қадам үлкен жолдың құтты қадамы болсын", – деді ол.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі
Әскери қызметшілердің бірінің туысы Гүлнар Жәкетова өз ойын білдірді:
"Отбасымыз үшін үлкен қуаныш әрі көрсетілген қолдау. Мұндай бастамалар балаларымыздың болашағы үшін сенімділік тудырады", – деді.
Грант иегерлерінің қатарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқуға жолдама алған алған кіші сержант Бейбарыс Хасен де бар.
"Мен үшін бұл әскерде жеткен басты жетістігім. Командирлерім мен жақындарымның қолдауы үшін алғысымды айтамын", – деді ол.
Қорғаныс министрлігінің бастамасымен 2023 жылы басталған "Сарбаз 2.0" жобасы заң жүзінде бекітілгенін айта кетейік. Бұл жоба әскерде борышын өткерген азаматтарға Ұлттық бірыңғай тест тапсырмай, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Жауынгерлік дайындық үздіктеріне сонымен бірге жатақханадан орын беріледі және стипендия төленеді.
Мемлекеттік грантқа үміткерлерді іріктеу "Сарбаз 2.0" цифрлық жүйесі арқылы жүзеге асырылды.
2023-2025 жылдар аралығында жүйеде барлығы 180 мыңнан астам әскери қызметші тіркеліп, оның ішінде "Көктем–2025" әскерге шақыру шеңберінде – 18 мыңнан астам адам грант алды.

Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігі
Іріктеу қорытындысы бойынша білім гранттары былайша бөлінді:
- Қорғаныс министрлігі – 492 орын,
- Ұлттық ұлан – 493 орын,
- ҰҚК Шекара қызметі – 112,
- Төтенше жағдайлар министрлігі – 28 орын,
- Мемлекеттік күзет қызметі – 29 орын.
Қазіргі кезде "Сарбаз 2.0" жобасы әскери қызметшілерді қолдаудың тиімді құралына айналып, әскердегі қызмет жастарға білім беру, кәсіби өсу және сенімді болашақ үшін нақты мүмкіндіктер ашатынын дәлелдеп отыр.