Қызылорда облысында бейнекамералар арқылы 58 қылмыстың жолы кесілді
Фото: Zakon.kz
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері орталықтың үйлестіруімен "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында 58 қылмыс ашылды. Сонымен қатар "102" арнасына 13 953 қоңырау түсіп, әрбір хабарлама бойынша тиісті қызмет көрсетілген.
Жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйелері арқылы 30 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған, оның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 25 002 дерегі тіркелді.
"Мүлдем төзбеушілік" қағидатын қалыптастыру мақсатында бейнебақылау инспекторлары қоғамдық тәртіпті бұзудың бірқатар фактілерін анықтады. Атап айтқанда: қоғамдық орынды ластаудың – 775 дерегі, қоғамдық орында мас күйінде жүрудің – 1 104 дерегі, қоғамдық орында тиісудің – 545 дерегі",- делінген ақпаратта.
Мәселен, жүк тиелген Volga автокөлігінің жүргізушісі қала орталығында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, маневр жасауға тыйым салынған жерде артқа қарай қозғалып, қауіпсіздік белдігін тақпай басқарған. Полиция қызметкерлері оны тоқтатып, тексеру барысында көліктің техникалық байқаудан өтпегенін анықтады. Жүргізушіге бірнеше әкімшілік хаттама ресімделді.
Сонымен қатар облыс орталығындағы көпқабатты үйдің кіреберісінен велосипед ұрлаған 55 жастағы азамат бейнекамералар көмегімен анықталып, ізін суытпай ұсталды.
Полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.