Алматыда 1 400-ден астам жол белгісі жаңартылды
Фото: pexels
Тексеру жұмыстары көлік қозғалысы жоғары учаскелерді, соның ішінде мектептер, балабақшалар, сауда үйлері мен азаматтар көп шоғырланатын өзге де орындардың маңын қамтыды. Негізгі назар жол белгілерінің жай-күйіне, жол таңбаларының сапасына, сондай-ақ жол инфрақұрылымының көріну деңгейіне аударылды.
Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша коммуналдық қызметтерге жол белгілерін жаңарту, жол таңбаларын қалпына келтіру және жол қозғалысына қатысушылардың көрінуіне кедергі келтіретін ағаш бұтақтарын қырқу тапсырылды.
Қазіргі таңда 1 400-ден астам жол белгісі жаңартылып, 20 мың шақырымнан астам жол таңбасы сызылды.
Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев аталған жұмыстардың жоспарлы әрі маусымдық сипатқа ие екенін атап өтті.
"Жол қозғалысы қауіпсіздігі қарапайым, бірақ аса маңызды элементтерден – анық жол таңбалары, айқын көрінетін белгілер және ашық көріну аймағынан басталады. Әсіресе бұл білім беру ұйымдары мен адамдар көп жиналатын орындар маңында ерекше өзекті. Біздің міндетіміз – осындай учаскелерді дер кезінде анықтап, оларды нормативтік талаптарға сәйкестендіруді қамтамасыз ету", – деді полиция полковнигі.
Бұған дейін Астанада полиция пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктіні ұстағанын жазғанбыз.