6 мамырда еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, кейбір өңірде бұршақ түсуі мүмкін
Сурет: pixabay
"Қазгидромет" РМК синоптиктерінің болжамына сәйкес, еліміздің басым бөлігінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, ал батыс пен солтүстік-батыс өңірлерде қатты жауын-шашын болады.
Сонымен қатар, батыс, солтүстік-батыс және солтүстік аймақтарда бұршақ түсіп, қатты жел тұрады және тұман болады деп болжанады.
Республикамыздың шығысында ғана антициклон әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Сондай-ақ, еліміздің басым бөлігінде жел екпін алып, оңтүстікте шаңды дауыл тұруы мүмкін.
"Түнде Шығыс Қазақстан облысының шығысында үсік жүріп, сынап бағаны -1°C-ге дейін төмендейді деп болжанады". "Қазгидромет" РМК-ның баспасөз қызметі
Сондай-ақ, мына бірқатар өңірлерде: Қызылорда облысында, Түркістан өңірінің оңтүстігінде, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарының жекелеген аудандарында, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облыстарында өрт қаупі жоғары болады деп күтіледі.
Жетісу облысының оңтүстік-шығысы мен оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Бұған дейін синоптиктер еліміздің үш ірі қаласы бойынша 2026 жылғы 6, 7 және 8 мамырға арналған ауа райы болжамын ұсынған болатын.