Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды: қазақстандық хабар-ошарсыз кеткен майдангерлердің туыстарын іздеп жүр

Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды: қазақстандық хабар-ошарсыз кеткен майдангерлердің туыстарын іздеп жүр, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.05.2026 11:10 Сурет: Zakon.kz
Ұлы Отан соғысы талай шаңырақты шайқалтып, отбасыларды ойрандап, жақындарды бір-бірінен ажыратты. Қаншама адам майданнан оралмай, хабар-ошарсыз кетті. Дегенмен, сол ізді өшірмей, сол түтінді сөндірмей отырған аяулы жандар да баршылық.

Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Zakon.kz тілшісі 1941–1945 жылдары Қазақ КСР-інен майданға аттанып, із-түзсіз кеткен қызыл әскер сарбаздарының туыстарын іздеумен айналысып жүрген еріктімен сұхбат құрды.

73 жастағы Асылбек Төлешов – Ақтөбе облысының тумасы, қазір Мәскеуде тұрады. Соғыс тақырыбы оған өте жақын, себебі оның отбасы да бұл зұлматтан шет қалмаған.

"Әкем жақтағы туыстарым Отанды фашистерден қорғады. Мысалы, Анарбек Тілеугенов соғыстан аман оралса, Садық Төлегенов 1942 жылы қаза тауып, Тверь облысының Оленин ауданында жерленген. Ал Гайнедин Өтешев 51-гвардиялық атқыштар полкінің пулеметшісі болған. Ол ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталғанымен, көзі тірісінде бұл марапатты ала алмаған. Кейін оның есімі Ақтөбе облысындағы Жаңажол мектебіне беріліп, құрмет көрсетілген",- деді ол.

Сурет: Асылбек Төлешовтың жеке мұрағатынан

Асылбек Төлешов өмір бойы ғылыми-педагогикалық салада еңбек еткен. Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы зауыт-ВТУЗ-да оқып жүріп, ұстаздық жолды таңдаған. Кейін аспирантура мен докторантураны тәмамдап, бүгінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры.

Соғыс тақырыбына қызығушылығы мектеп кезінен басталған. 2000 жылдардың басында Мәскеуге келген туыстарымен бірге Ржев пен Вязьма маңындағы шайқас орындарына барған, сонда ол көптеген бауырластар зираттарын көреді. Ескерткіштердегі түркітектес фамилиялары оның назарын аударып, осы істі бастауға түрткі болған.

Сурет: Асылбек Төлешовтың жеке мұрағатынан

Содан бері ол майданда қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен сарбаздар туралы деректерді жинап, олардың туыстарын іздеумен айналысып келеді. Уақыт өте келе оған іздеу жасақтары, студенттер мен қарапайым адамдар қосылған.

Сурет: Асылбек Төлешовтың жеке мұрағатынан

"Егер іздеу барысында сарбаздың сүйегі, жеке заттары немесе медальоны табылса, ол үлкен олжа саналады. Медальондағы деректерді шешіп, туыстарын табу жұмысы басталады. Бұл оңай шаруа емес: кейде аты-жөні қате жазылған, құжаттар жоқ немесе толық емес болады. Соған қарамастан, табысты аяқталған оқиғалар да аз емес". Асылбек Төлешов

Оның көмегімен туыстары табылған сарбаздардың қатарында Қазақстанның түрлі өңірлерінен шыққан жауынгерлер бар:

Ақтөбе облысынан:

  • Қарабұтақтан шыққан мерген Қуанай Әбдірахманов – 1945 жылы Польшада қаза тапқан (2011 жылы туыстары табылған);
  • Жұрын ауданынан қызыл әскер Садық Төлегенов – 1942 жылы қаза тапқан (2012 жылы табылған);
  • Қандыағаштан барлау бөлімшесінің командирі, сержант Қуатбай Игликов – 1942 жылы қаза тапқан (2015 жылы табылған).

Қарағанды облысынан:

  • аға сержант Оралбай Масабаев – 1944 жылы қаза тапқан (2012 жылы табылған).

Атырау облысынан:

  • қызыл әскер Урымбай Насиханов – 1943 жылы қаза тапқан (2014 жылы табылған).

Түркістан облысынан:

  • сарбаз Мұқаш Тәжібаев – 1942 жылы қаза тапқан (2016 жылы табылған).

Қостанай облысынан:

  • Қалита Дельдібеков, Сапа Әбдібеков және Иван Ивайкин (2016 жылы табылған).

Алматы облысынан:

  • Сатыбалды Мұхамедиев (2016 жылы табылған).

Ақмола облысынан:

  • 310-Ақмола дивизиясының жауынгері Иван Гвоздев (2018 жылы табылған).

Қызылорда облысынан:

  • 1915 жылы туған Нұрмұхамед Магдеев (2019 жылы табылған).

Мысалы, әсерлі оқиғалардың бірі – Тараз қаласынан Ұлту Әмірханова туралы.

"Ұлту апа 2023 жылы 9 мамыр қарсаңында Зубцов қаласына барып, әкесінің қабіріне тағзым етті. Оның әкесі – 1900 жылы туған Амерхан Керімбаев, 1942 жылы соғысқа шақырылған. Ол әкесі туралы 80 жылдан кейін ғана білді. Газеттегі мақаладан кейін хабар жетті. Ол қабір басында "әке" деп қайталаумен болды. 1942 жылы Зубцов түбінде 325 қазақстандық қаза тапқан, олардың жерленген жерлері қазір белгілі", – дейді ол.

Сурет: Асылбек Төлешовтың жеке мұрағатынан

Қазіргі таңда Асылбек Төлешов іздеу жұмыстарын тоқтатпай, жалғастырып келеді. Көктем сайын іздеу жасақтары Тверь облысындағы бұрынғы шайқас орындарына барып, қазба жұмыстарын жүргізеді. Барлық шығынды еріктілер өз қалтасынан өтейді.

Сонымен қатар, ол батырлардың есімін ұлықтау ісімен де айналысады. Мысалы, Қуанай Әбдірахманов ұзақ уақыт бойы хабарсыз кеткендер қатарында болған. 2010 жылы оның Польшада қаза тапқаны анықталып, 2025 жылы бір көшеге оның есімі берілді. Оның 373 жауды жойғаны белгілі.

Осындай жанашыр жандардың арқасында соғыста ерлікпен қаза тапқан батырлардың есімі ұмытылмай, кейінгі ұрпаққа жетіп жатыр.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: