Алматы облысында мектеп оқушысы мұғалімді соққыға жықты
Фото: pexels
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада мектеп дәлізінде мұғалім мен оқушының сөйлесіп тұрғаны көрінеді. Бір сәтте жасөспірім ұстазға шабуыл жасап, соққыға жыға бастаған.
Оқиғаға байланысты құзырлы органдар пікір білдірді.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмаған жасөспірімнің ер адамға дене жарақатын салу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 16 қаңтар күні таңғы сағат 09:00 шамасында Шамалған ауылындағы орта мектептердің бірінде кәмелетке толмаған жасөспірім мен ер адам арасында жанжал туындап, соның салдарынан соңғысы дене жарақатын алған.
Қазіргі уақытта жасөспірім полиция бөліміне жеткізілді.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция өкілдерінің хабарлауынша, тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылданады.
Еске салайық, бұған дейін ІІМ жасөспірімдердің жалған ақпарат тарату деректерінің көбейгенін айтып, олардың жарылыс, өрт қою және өзге де қауіптер туралы негізсіз хабарламаларды жиі тарататынын мәлімдеген болатын.