Қазақстанда ежелгі қаланың орны табылды
Сурет: 24kz
Қарақабақ – Түпқараған ауданы, Таушық ауылынан 17 шақырым жерде орналасқан мекен. Бұл жерде археологтар 2017 жылдан бері зерттеу жүргізіп келеді. "24.kz" дерегіне сүйенсек, ежелде теңіз-сауда порты, қолөнершілердің шеберханасы болған аумақтан алтын, күміс, мыс тиындар, мөрлер мен басқа да тұрмыстық бұйымдарды тапқан. Көне жәдігерлер Қарақабақтың сол уақытта Каспий маңы елдерімен тығыз байланыста болғанын айғақтайды.

Сурет: 24kz
Тарихшылардың айтуынша, Ұлы Жібек жолы бойында халықаралық сауда торабы саналған өңірде ерте ғасырларда Білелі, Белдеулі, Шұрық және Әжігелді атауымен керуен сарайлары болған.
"Көне қалашықтан таза қорғасыннан құйылған сауда мөрін таптық. Олжамыз Византия мемлекетіне тиесілі. Қытайдың көне тиындарын, қыштан жасалған бұйымдарды қазып алдық. Бұл жәдігерлер қазақтар сол кезеңде тек мал шаруашылығымен айналысты деген түсінікті жоққа шығарады. Керісінше, осы жерде ірі өркениетті орталық болғанын дәлелдейді". Андрей Астафьев, археолог:
Алдағы уақытта Қарақабақ жерінде ғылыми-археологиялық база және мұражай құрылады. Бұл бастама Маңғыстаудың бай мұрасын әлемге танытып, ішкі туризмнің дамуына серпін береді деп күтіледі. Тарихи орынға өңір әкімдігі мен археология институтының өкілдері барып, бірлесе атқарылатын жұмыс жоспарын талқылады.
Бұған дейін қытайлық құрылысшылар ұзындығы 28 метр болатын алып тіршілік иесінің қалдықтарын тапқанын жазғанбыз.