Түркістанда полиция мен арнайы қызметтер күшейтілді: дайындық жұмыстары көрсетілді
Сурет: ҚР ІІМ
Өңірге ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов келіп, ауқымды гарнизондық сап түзеу шарасына қатысты.
Іс-шараға полицияның жеке құрамы, құқық қорғау және күштік органдар өкілдері, сондай-ақ ресми делегацияларды алып жүруге тартылған қызметтік көліктер қатысты.
Гарнизондық сап түзеуді Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғали Заппаров өткізді. Ол халықаралық іс-шараның қауіпсіз өтуі үшін жұмылдырылған күштер мен құралдардың дайындығын тексерді.
"Халықаралық саммиттің қауіпсіз әрі тыныш өтуі үшін әрқайсыңыз өз міндеттеріңізді мінсіз орындауыңыз қажет. Бұл қызметте жауапкершілік, тәртіп және заң үстемдігі ерекше маңызды", – деді ол.
Қазіргі уақытта Түркістанда қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Іс-шара өтетін орындар мен орталық көшелерде жаяу және автопатрульдер саны арттырылып, бейнебақылау жүйелері мен Жедел басқару орталығы арқылы тәулік бойы бақылау ұйымдастырылған.
Саммит алдында Түркістан жолдарында қызметтік Tesla Cybertruck көлігі байқалған. Бұл жағдайға қатысты Мемлекеттік күзет қызметі түсініктеме берді.