Қазақстанда сайлау заңнамасы өзгереді: Мәжіліс түзетулерді мақұлдады
Фото: Zakon.kz
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бұған дейін Парламент палаталарының бірлескен отырысында "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы бірінші оқылымда қабылданған.
"Негізгі өзгерістер: сайлау рәсімдерінің ашықтығын арттыру; сайлау қорларынан тыс қаржыландыруға тыйым салу; әкім лауазымына үміткерлер арасында дауыстар тең түскен жағдайда қайта дауыс беру тәртібін енгізу; бір адамның бір уақытта мәслихат депутаты және әкім лауазымына кандидат болуына тыйым салу; сайлау комиссиялары мүшелеріне қойылатын талаптарды күшейту және олардың жауапкершілігін арттыру; сенімді өкілдердің мәртебесін нақтылау; сайлау комиссиясы мүшелерінің өкілеттігін уақытша тоқтату тәртібін реттеу; жаңадан құрылған немесе қайта ұйымдастырылған әкімшілік-аумақтық бірліктердегі сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттік мерзімін айқындау",- деді ол.
Жұманғарин сондай-ақ аталған Конституциялық заң нормаларын іске асыруға бағытталған ілеспе заң жобаларына да тоқталды.
"Онлайн-платформаларды пайдалану тәртібін реттейтін және барлық кандидаттарға тең жағдай жасайтын нормалар енгізіледі. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, онлайн-платформаларда үгіт материалдарын орналастырудан бас тартқаны немесе кандидаттарға тең жағдай жасамағаны үшін: жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), заңды тұлғаларға 50 АЕК көлемінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған". Серік Жұманғарин
Сондай-ақ сайлау қорларынан тыс қандай да бір материалдық көмек алуға тыйым салынады. Тек кандидаттардың немесе саяси партиялардың сайлау қорларынан қаржыландыруға ғана рұқсат етіледі.
Сайлау қорынан тыс қаржылық немесе өзге де материалдық көмек алғаны үшін: жеке тұлғаларға 25 АЕК, заңды тұлғаларға 55 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік белгіленеді.
Бұдан бөлек, қолданыстағы Конституциялық заңнама қаржыландыру ережелерін бұзған жағдайда кандидаттың немесе партиялық тізімнің тіркелуін тоқтату түріндегі конституциялық жауапкершілікті де қарастырады. Бұл сайлау науқандарын жасырын және бақылаусыз қаржыландырудың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар кандидаттың үгіт жұмысына бөлінген мемлекеттік бюджет қаражатын пайдалану тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Бұл бұзушылықтар үшін айыппұл мөлшері 5-тен 25 АЕК-ке дейін ұлғайтылған. Бұл бюджет қаражатын мақсатты әрі ашық пайдалануға ықпал етеді.