Қазақстан Газиантепте жер сілкінісінен зардап шеккендерге арнап мектеп салды

Школа, школы, школьный кабинет, школьные кабинеты, класс, классы, школьные занятия, уроки , сурет - Zakon.kz жаңалық 14.05.2026 17:50 Фото: akorda.kz
Түркияның Газиантеп провинциясында жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарға арналған жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Білім ордасы Қазақстанның қолдауымен салынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі.

"Бұл маңызды мәселе әрдайым назарда болады. Соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше. Бүгін Газиантеп провинциясындағы жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтар үшін Қазақстанның атынан салынған жаңа мектептің ашылу рәсімі өтті. Бұл – қазақ халқының түрік еліне көрсеткен қолдауы мен ыстық ықыласының айқын көрінісі. Сапар аясында тиісті министрліктер Астана мен Алматыда "Маариф" қорының екі мектебін ашу туралы меморандумға қол қойғанын айрықша атап өткен жөн. Осы мектептер саналы ұрпақ тәрбиелейтін іргелі білім ордасы ретінде қызмет етеді деп сенемін. Бұл мектептердің құрылысына тиісті жер телімдерін беру жөнінде тапсырма берілді. Көп созбай құрылысты бастаймыз. Жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық та табысты дамып келеді. Қазір 14 мыңға жуық азаматымыз Түркияда оқып жатыр. Сондай-ақ 260-қа жуық түрік студенті еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуда. Жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық университеттің жанынан Түркияның Гази университетінің филиалы жұмыс істей бастайды. Алдағы уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркияда филиал ашуды жоспарлап отыр. Біз бұл игі бастамаларды жалғастырып, білім беру, медицина, туризм саласындағы байланысымызды нығайта береміз", – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия арасында өзара құрмет пен сыйластыққа, бауырластық пен достыққа негізделген берік қарым-қатынас орнағанына назар аударды.

"Бұл – Президент Режеп Тайип Ердоғанның тікелей қолдауының арқасы екені сөзсіз. Режеп бей екі елдің бірлігін бекемдеуге айрықша үлес қосуда. Сондай-ақ қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық саладағы қазақ-түрік ықпалдастығын күшейтуге мол еңбек сіңіріп келеді. Сондықтан мен қадірлі досым, бауырым Режеп Тайип Ердоғанды түркі әлемінің рухани көсемі – Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттадым. Мұны барша қазақ елінің түрік жұртына және Түркия Президентіне деген зор құрметінің көрінісі деуге болады. Ердоған мырза осы беделді награданың тұңғыш иегері екенін ерекше атап өткім келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Түркия елінің Бірінші ханымы Эмине Ердоған Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында аса маңызды "Zero Waste" жобасын ұсынып, ауқымды жұмыс атқарып жатқанына тоқталды.

"Осы бастама елімізде жүргізіліп жатқан "Таза Қазақстан" жалпыұлттық жобасымен үндес екенін ерекше атап өткім келеді. Сондықтан біз Эмине ханымның аса қажетті жобасын белсенді түрде қолдаймыз", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Мәртебелі Режеп Тайип Ердоған мырзамен әлемдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын айтты.

"Қазіргідей күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығып тұрғанына алаңдаушылық білдірдік. Халықаралық құқықтың және әмбебап ұйымдар ықпалының әлсіреуі туралы ой бөлістік. Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін күшейту, оның қарарлары мен жарғыларын қатаң сақтау, халықаралық құқық үстемдігін қамтамасыз ету және әділдік қағидатын ұстану мәселесіне қатысты ортақ байламға келдік. Барлық дау-дамайлар мен жанжалдарды дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешу қажет екенін атап өттік. Қазақстан мен Түркия алдағы уақытта да халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығын жалғастыра береді. Біз жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күш-жігерімізді біріктіреміз", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркияның стратегиялық серіктестігін нығайту – халықтарымыздың ортақ мақсат-мұраты екенін атап өтті.

"Біз тарихи тамыры терең бауырластығымызды келешек ұрпаққа аманат етіп, қазіргі сан-салалы қарым-қатынасымызды нығайта береміз. Бұл қос халықтың алдында тұрған қасиетті парыз деп санаймын. Құрметті Президент мырза! Ардақты бауырым, досым! Өзіңізге және делегация мүшелеріне мазмұнды келіссөздер үшін шын жүректен алғыс айтамын. Ынтымағымыз арта берсін! Қазақстан мен Түркияның достығы мәңгі болсын!" – деді Қазақстан Президенті.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: