Қазақстанда көкжөтелмен сырқаттану деңгейі 2,8 есеге төмендеді
Фото: pexels
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, оң көрсеткішке вакцинация және балаларды қосымша иммундау жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізілген.
Алайда тіркелген жағдайлардың басым бөлігі – екпе алмаған балалар. Атап айтқанда, сырқаттанғандардың 88 пайызын немесе 67 жағдайды вакцинациядан өтпеген балалар құрайды.
Министрлік дерегіне сәйкес, екпе алмаған балалардың:
- 69 пайызы ата-анасының профилактикалық екпеден бас тартуына байланысты;
- 22 пайызында медициналық қарсы көрсетілім болған;
- 9 пайызы вакцина алу жасына әлі жетпеген.
Мамандар вакцинация көкжөтелдің алдын алудың және әсіресе ерте жастағы балалар арасында ауыр асқынулардың қаупін азайтудың ең тиімді жолы екенін атап өтті.
Биылғы жылдың алғашқы төрт айында көкжөтелге қарсы жоспарлы вакцинациямен 178,9 мың бала қамтылды. Оның ішінде:
- 1 жасқа дейінгі – 51,6 мың бала;
- 1 жастағы – 46,7 мың бала;
- 6 жастағы – 80,7 мың бала.
Сонымен қатар, уақытында екпе алмаған балаларды қосымша иммундау жұмыстары да жалғасуда. Жыл басынан бері 18 жасқа дейінгі 64,6 мың бала мен жасөспірімге қосымша вакцина салынған.
Денсаулық сақтау министрлігі халық арасында инфекциялық аурулардың, соның ішінде көкжөтелдің алдын алу және екпені уақытылы алудың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп жатқанын хабарлады.